Владимир Путин сайлауда жеңіске жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Владимир Путин сайлауда жеңіске жетті

19.03.2018

Владимир Путин Ресей Президентінің сайлауында 75 пайызбен жеңіске жетті. Бұл туралы көрші елдің Орталық сайлау комиссиясы мәлімдеді. Бұған дейін 3 мәрте Ресейді басқарған саясаткер мұндай көп дауысты бірінші рет алды. Әзірге бюллетендердің жартысынан астамы саналды. Алайда, олар толық саналып біткен күннің өзінде, енді сайлаудың нәтижесіне әсер ете қоймайды.

Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша Владимир Путинге ресейліктердің 75 пайызы дауыс берді. Екінші орында 13,4 пайызбен коммунист Павел Грудинин, ал одан соң 6,3 пайыз жинаған Владимир Жириновский тұр. Саяси додаға қатысқан өзге үміткерлердің көрсеткіші 2 пайызға да жетпеді. 

Элла Памфилова, РФ Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Біз үшін сайлаудың таза әрі шынайы өткені маңызды. Сондықтан, бұрмалау немесе бірдеңені жасыру әрекеттері болған жоқ. Керісінше, өздеріңіз көргендей, Орталық сайлау комиссиясы қандай да бір заңбұзушылықтарды көрсетіп, оны жоюға бастамашы болды.   

Ресей аумағында кеше 97 мыңнан аса сайлау учаскесі ашылды. Бұдан бөлек, шетелде жүрген азаматтар үшін әлемнің 145 мемлекетінде 401 учаске және жұмыс істеді. Ал, сайлау кезінде дауыс беру құқына ие 107 миллионнан аса электораттың 60 пайызға жуығы өз таңдауын жасады.

Вера Филипова, сайлаушы:

- Сайлауға келіп дауыс беру менің азаматтық парызым. Сол себепті ертерек тұрып өз таңдауымды жасадым. Бұл сайлау мен үшін жер бетіндегі бейбітшілік деген сөз. Әлемдегі барлық мемлекеттер бір-бірімен тату-тәтті өмір сүрсе екен деймін. 

Ресейдегі саяси науқанды әлемнің 87 елінен және бірқатар халықаралық ұйымдардан келген 1513 маман бақылады. Енді бұл байқаушылардың алды бүгіннен бастап дауыс беру кезінде заң бұзу әрекеттерінің болған, болмағаны жөнінде есептерін жариялауы тиіс.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

-Ресей Президентінің бұл жолғы сайлауында жаңа технологиялар көбірек қолданылды. Мәселен, сайлау учаскелерінде бюллетендерді автоматты түрде есептейтін арнайы кешен яғни, электронды жәшік қойылды. Бұдан бөлек, әрбір сайлау учаскесіне бейнебақылау камералары орнатылды. Яғни, кез келген адам онлайн режимде дауыс беру процесінің қалай болып жатқанын бақылауға мүмкіндік алды. Мәселен, мына менің артымда тұрған мониторда сайлау учаскелеріндегі жағдайдың қалай болып жатқанын көруге болады.

Осылайша, Владимир Путин 4-ші мәрте Президент болып сайланды. Ол енді Ресейді алдағы 6 жыл бойы басқарады.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу