Қазақ қызы Швециядағы сайлауда жеңіске жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ қызы Швециядағы сайлауда жеңіске жетті

02.11.2018

Қазақ қызы Швециядағы сайлауда жеңіске жетті. 36 жастағы Санна Тұрсынова жақында өткен муниципалды сайлауда басым дауыспен жүзден жүйрік шықты. Енді ол жергілікті әкімдікте интеграция және саяси мәселелермен айналысады.

Стокгольм университетін заңгер, халықаралық қатынастар мамандықтары бойынша тәмамдаған жерлесіміз осы уақытқа дейін елдің көші-қон басқармасында қызмет етті. Швециядағы қазақстандық жастар қауымдастығының белсенді мүшесі туған жердің абыройын арттыру үшін түрлі имидждік шаралар ұйымдастырып жүр. Жырақта жүрсе де жүрегі «елім» деп соққан жерлесіміздің болашаққа жоспары көп.

Санна Тұрсынова:

Швецияға 21 жыл бұрын анаммен бірге сіңілімді емдету үшін келгенбіз. Оған үнемі медициналық көмек, дәрігерлердің бақылауы қажет болды. Сол үшін біз де осы жерде қалуға мәжбүр болдық. Туған жерім ыстық. Сағынып, жылына бір рет баруға тырысамын.

Еліміздің даму қарқынына тәнтімін. Өзім саясаткер ретінде Қазақстан мен Швеция қарым-қатынасының қарқынды дамуына күш салғым келеді. Сол үшін 4 жылдан кейін болатын парламенттік сайлауға қатыссам деймін.

Сондай-ақ, жақында Қазақстандағы туризмді дамыту жобасын қолға алдым. Елшіліктің қолдауымен алғашқы туристік топтың Қазақстанға сапарын көктемде ұйымдастырамыз. Мақсатым шетелде тұрсам да өз Отанымның гүлденуіне барынша үлес қосу. 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу