Ресейлік суретшінің көрмесі Қазақстанға арналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейлік суретшінің көрмесі Қазақстанға арналды

26.01.2018

«Шығысқа саяхат». Мәскеу қаласында осындай атаумен Ресейдің халық суретшісі, Ресей көркемөнер академиясының профессоры Татьяна Назаренконың жеке сурет көрмесі ашылды. 1960-жылдары салынған жалпы саны 70-тен аса картина тұтастай Қазақстанды суреттейді. Осылайша, біздің елімізге деген ерекше құрметі мен сүйіспеншілігін көрсету үшін суретші өзінің өнердегі жартығасырлық мерейтойын Қазақстанға арналған көрмеден бастап отыр.

Мәскеуде туып-өсіп, өмір-бойы осында тұрып жатқан атақты орыс суретшісінің 50 жылдық мерейтойына арналған көрме толықтай Қазақ еліне арналды. Татьяна Назаренко студент кезінде Қазақстанда небәрі 3-ақ рет шығармашылық сапармен болған. Соған қарамастан оның Алаш жұртына деген ілтипаты жүрегінде сақтаулы.

Татьяна Назаренко, РФ Халық суретшісі:

- Мен дастархан басында қазақтар сияқты малдас құрып отыратынмын. Оның үстіне, атқа міне алатынмын. Тіпті, бір жолы «Қыз қуу» ойынына қатысқаным да есімде. Сондықтан болар, мені қазақтар өте жақсы қабылдады. Бұрын тіпті көптеген қазақша сөздер білетінмін, қазір есімде қалғаны «су, бар, апа» деген сөздер ғана. Маған қазақтар сөйлеген кезде ән салып тұрғандай естілетін. Мен қазақ халқына деген сүйіспеншілігімді осы суреттерім арқылы көрсете алдым деп ойлаймын.

Суретшінің туындылары өте шынайы. Себебі, бұл оның қиялынан туған дүние емес, барлығы өмірде болған, көзбен көрген сәттер. Тіпті, кей кейіпкерлер Татьяна Назаренконың әлі есінде.

1960-жылдардағы қазақтың тұрмыс-тіршілігі, киім-киісі мен жүріс-тұрысы. 70-тен аса картинада осының барлығы бейнеленген. Олардың ішінде, мәселен, суреттерінің бір топтамасы Қорғалжын өңіріне арналған.

Антонина Галимзянова, «Арка» сурет галереясының жетекшісі:

- Татьяна – ұлы суретші. Оның Қазақстанға деген құрметі, сағынышы ерекше. Айналада тұрған суреттерге қарап, шынайылықты, ерекше бір жылылықты сезуге болады. Бұл суреттерді ол студент кезінде салса да, шеберлігі көрініп-ақ тұр. Жалпы, Татьянаның суреттер көрмесі әлемнің көптеген елдерінде өтеді, ал, оның картиналары Сотбис, Кристи аукциондарына сатылады.

Көрме бір ай бойы өтеді. Осы уақыт аралығында мәскеуліктер Татьяна Назаренконың шығармашылығын және сол арқылы 50 жыл бұрынғы Қазақ елін тамашалай алады.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу