Швейцарияның Давосында Дүниежүзілік экономикалық форумның екінші күні аяқталды. 4 күндік жиынға Жер шарының 70-тен астам мемлекетінің басшылары мен үкімет жетекшілері қатысып жатыр. Сонымен қатар, оған бизнес өкілдері, шоу-бизнес жұлдыздары, банкирлер де жиналды.
Биылғы конференция әлем экономикасы соңғы онжылдықта ғажайып өсім көрсеткен тұста ашылды. Делегаттар АҚШ президентінің «Ең алдымен Америка» деген саясаты халықаралық сауда мен қауіпсіздікке қалай әсер ететінін де талқылайды. Айта кетсек, Дональд Трамп Давосқа бүгін ұшып кетті.
Биылғы форумның басты тақырыбы «Бірлігі жоқ дүниенің ортақ болашағын жасау» деп аталады. Онда геосаяси қауіп, климаттың жылынуы, протекционизм, кибер шабуылдар, соғыстарды тоқтату проблемалары мен ғаламдану дағдарысы да талқыға тасталады. Ал, Германия канцлерінің пікірінше, бірлік бар жерде ғана әлем алға жылжи алады.
Ангела Меркель, Германия канцлері:
- Біз өзгеден оқшауланып ешқайда бара алмаймыз. Оған күмәніміз жоқ. Ынтымаққа сенеміз, ал, протекционизмді дұрыс жол деп есептемейміз. Әлемдік мәселелер көп жақтың талқылауымен шешілгені абзал. Егер оларды жеке дара шешуге ұмтылсақ, изоляционизмге ұрынамыз.
Арыстан РЫСБЕК