Егде тартқан еріктілер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Егде тартқан еріктілер

22.01.2018

Волонтер десе, әдетте, көз алдымызға студент жастар келеді. Алайда, Татарстан астанасы Қазан қаласында егде тартқан еріктілер тобы бар. Әрі кілең әжелерден құралған бұл белсенділер осы жазда Ресейде өтетін футболдан Әлем чемпионатына қызу дайындық үстінде. Қазандағы Универсиада, Сочи Олимпиадасы сияқты бірнеше спорттық шараға қатысқан волонтерлармен әріптесім Нұртас Солтанұлы сұхбаттасып қайтты.

Клара Қибатқалиқызы Астраханьда туып-өскен қазақ. Қазанда тұрғанына көп жыл болды. Ол 2013 жылдан бері спорттық шараларда тегін жұмыс істеп жүр. Жасы 70-ке таяп қалса да, қимылы ширақ, ешбір жастан қалыспайды.

Клара Оразалиева, ерікті:

- Бұл қозғалыс менің өмір сүруіме көмектеседі. Мен жалпы бала кезден бері өте белсенді адаммын. Кейін зейнетке шыққан соң үйде отырып қалдым, бос уақытым көбейді. Сол кезде өзімді қоярға жер таппадым. Қазір енді өз ортам, әріптестерім бар. Бұл менің көңіл-күйіме де, денсаулығыма да пайдалы. Қазір өзімді жас сезінемін.

Еріктілер футболдан Әлем чемпионаты қарсаңында қуыршақ спектаклін қойғалы отыр. Сондықтан, осылай апта сайын бас қосып, рөлдерін пысықтайды, сөздерін жаттайды. Ішінде ең жасы үлкені де, белсендісі де Нейля Ибрагимова. Қазір ол 78-де. Соған қарамастан бәріне үлгереді. Шөбересін бағады, күн аралатып бассейнге апарады. Ал бастысы, өзі қатарлас волонтерлардың басын қосып, Әлем чемпионатына дайындалады.    

Нейля Ибрагимова, еріктілердің үйлестірушісі:

- Осында отырған адамдардың біразы өткен жылы Конфедерация кубогы кезінде жұмыс істеген. Сондықтан, бізді автоматты түрде футболдан Әлем чемпионатына ерікті ретінде алды.Сонымен қатар, Ресейде чемпионатқа арналған жобалардың байқауы жарияланған. Соған осы спектакльді дайындап, жобамызбен бағымызды сынағалы отырмыз. Әлем біріншілігі басталар алдында біз қойылымды Қазандағы бірнеше арнайы алаңдарға апарып көрсетеміз.

Қазандағы егде тартқан еріктілердің саны 20-дан асады. Олар Әлем біріншілігі кезінде билет кассаларында жұртқа кеңес беріп, көрермендерге стадиондағы орындарын табуға көмектеседі. Осылайша, өзі үшін де, өзге үшін де пайдалы іспен айналысып жүр.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу