Басты Жаңалықтар «Әділет» партиясы «Есіктен есікке» акциясын бастады

«Әділет» партиясы «Есіктен есікке» акциясын бастады

Саяси дода қызған сайын партиялардың үгіт-насихат жұмысы да жандана түсті. Себебі халықтың сеніміне ие болудың жолы әртүрлі. Бірі марафон ұйымдастырса, бірі ортақ іске жұмылдырды, енді бірі ашық пікір алмасу алаңын таңдады. Кім не ұсынды, қандай мәселелер көтерілді?

«Әділет» партиясы атынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар «Жастар Рухы» жастар қанатының еріктілерімен бірлесе отырып, «Есіктен есікке» акциясы аясында кездесулер өткізді. Тұрғындармен жүзбе жүз жолығып, партияның сайлауалды бағдарламасын егжей-тегжейлі таныстырды. Халықтың тұрмыс сапасын байқап, көпшілікті толғандырған мәселелерді тыңдады. Бұл акция әлі де жалғасын табады, саяси ұйым мүшелері Қазақстанның шалғай ауылдарына арнайы барып, ел-жұрттың ұсыныс-талабын жинауды жоспарлап отыр.
Аружан Сәрсенбаева, «Әділет» партиясы жастар штабының жетекшісі:

Бұл акцияның маңызы – әр тұрғынмен жеке сөйлесуге мүмкіндік береді. Жалпылама кездесулер де жақсы. Бірақ ондай жерде кез келген адам жеке бас мәселесін, ішкі күйін айта алмайды. Ал «Есіктен есікке» жобасы жеке сұрақ қойып, тұрғынға өзінің мұң-мұқтажын жеткізуге мүмкіндік береді. Соның аясында біз халықтың жалпы тұрмыс-тіршілігін, сол ауылдың, ауданның яки қаланың негізгі проблемасын түснеміз.

ЖСДП «Еркіндік марафонын» өткізді
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияcы үгіт-насихат жұмыстарын спорттық форматта жалғастырды. Елордадағы Триатлон саябағында саяси ұйымның ұйымдастыруымен «Еркіндік марафоны» өтті. Іс-шарада Құрылтай депутаттығына кандидаттар, партия белсенділері, жастар қанатының мүшелері, еріктілер мен қала тұрғындары бой көрсетті. Қатысушылар скандинавиялық жүріспен белгіленген қашықтықты жүріп өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонның мақсаты – ұрпақтар сабақтастығы мен қоғамдағы бірлікті көрсету. Жарыстан кейін Құрылтай депутаттығына кандидаттар тұрғындармен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірді.

Мақсұт Насибулов, ЖСДП Орталық аппаратының жетекшісі:

Барлық партия сайлауға қатысып жатыр, үгіт-насихат жұмыстарын жасап жатыр. Оған белсенді қатысу керек. Өйткені бұл өзіміздің, ұрпағымыздың болашағы. Болашақта барлық өңір қамтылады. Біздің кандидаттарымыз Қазақстанның түкпір-түкпіріне барады.
«Байтақ» партиясы «Астана орманы» кәсіпорнының ұжымымен кездесті

«Астана орманы» – елорданы шаңды дауыл мен құрғақ желден қорғайтын орман белдеуін қалыптастырып, күтіп-баптап отырған кәсіпорын. Бұл қолдан жасалған жасыл желек қала экологиясын жақсартуға елеулі үлес қосып келеді. Бүгін «Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері дәл осы кәсіпорынның ұжымымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Жиында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, таза ауа, сапалы ауыз су, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері сөз болды. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Табиғатты қорғау ісіне күн сайын өз үлесін қосып жүрген кәсіпорын қызметкерлері ой-пікірлерін ортаға салды.

Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:

Ең бірінші, үлкен кәсіпорындарға экологиялық аудит жүргізу. Сонымен қатар, су, ауа мәселесін, осының бәрін сараптамалық түрде, дәлелдерін айтып, қандай технологияларды біз пайдаланып, осы бағытта нақты ұсыныстарымызды айттық.

«Ауыл» партиясы ауыл маңын күл-қоқыстан тазартты

Бүгін «Ауыл» партиясының өкілдері Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты Қарағаш ауылында  сенбілік ұйымдастырды. Тазалық шарасына  50-ге жуық партия белсенділері, сондай-ақ ауыл тұрғындары атсалысты. Олар көшелерді тазалап, арам шөптерді жұлып, ретке келтірді. Қала іргесінде орналасқан Қарағаш ауылдық округінің құрамына: Самбай және Нұрбұлақ ауылдары қарайды. Мұнда шамамен 260 үй бар. Жергілікті жұрт ауылшаруашылығымен айналысады. Олар партия өкілдеріне өз ұсыныстарын жеткізді.

Кәмшат Төлеуова, «Ауыл» партиясының мүшесі:

Тек қана бұл «Таза Қазақстанмен» жастар айналыспауы керек. Барлық мына Қазақстан халқының тұрғындары өзінен жан жағынан бастаса, онда үлкен бір іс атқарар едік.

«Ақ жол» партиясы кәсіпкерлермен кездесті

Елімізде 2 млн-нан астам кәсіпкер тіркелген. Соның 48 пайызы – әйелдер. Бірақ іскер әйелдердің қатары жыл санап артып келеді. Дегенмен, олар әкімшілендіру, қаржыландыру жағынан кейде қиындықтарға тап болып жатады. Бүгін сайлаушылармен кездескен «Ақ жол» партиясының төрағасы осылай деді. Дания Еспаеваның сөзінше, әйелдер бүгінде қызмет көрсету, білім беру және сауда-саттықтың төңірегінен шыға алмай келеді. Сондықтан нәзік жандыларды қолдауды күшейте түсу керек. Әсіресе өз өнімін экспортқа шығарып, кәсібін дөңгелету мәселесі өзекті. Жиында әйелдердің басқа да салаларды игеруіне, жаңа деңгейге көтерілуіне бағытталған жобаларды көбейту ұсынылды. Партия өкілдері кәсіпкерлерге сайлауалды бағдарламасын таныстырып, жиналған қауымның сұрақтарына жауап берді

Дания Еспаева, «Ақ жол» ҚДП төрағасы:

Біздің әйелдеріміз, кәсіпкерлеріміз Қазақстан экономикасына көптеген өз үлесін қосып отыр. Бірақ олардың дамуына әлі де кедергілер бар. Сондықтан бүгінгі біздің кездесуіміз тек біздің үгіт-насихат емес.
7 партияның кандидаттары өңір-өңірді аралап, үгіт-насихат шаралары 1 айға жуық уақыт жалғасады. 22 тамыз саяси ұйымдардың Республикалық штабы жұмысын тоқтатып, тыныштық күні жарияланады.

Бөлісу