Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Ресейдің көлік-логистикалық ынтымақтастығы стратегиялық сипатқа ие

Қазақстан мен Ресейдің көлік-логистикалық ынтымақтастығы стратегиялық сипатқа ие

Омбы қаласында өтіп жатқан өңіраралық ынтымақтастық форумында тараптар автомобиль тасымалы саласында рұқсат беру жүйесін жетілдіру, шекара маңы инфрақұрылымын жаңғырту және көлік-логистикалық процестерді цифрландыру мәселелерін талқылап жатыр. Мақсат - алыс-беріс пен барыс-келісті дамыту. Айта кету керек, қос елдің көлік-логистикалық ынтымақтастығы стратегиялық сипатқа ие. Қазақстан аса ірі нарықтар мен транзиттік бағыттардың тұрақты байланысын қамтамасыз ете отырып, Еуразияның көлік архитектурасындағы маңызды буын ретінде әрекет етеді. Мәселен, соңғы бес жылда еліміз арқылы Қытай–Ресей–Қытай бағытымен тасымалданған контейнерлер саны 8 есеге артқан. Сондықтан бұл бағыттағы кемшіліктерді жою саланы серпілтіп қана қоймай, туризмнің дамуына да  үлес қоспақ. Айта кету керек, былтыр Қазақстанға Ресейден  3,5 млн-нан  астам турист келді, ал Ресейге елімізден 3 млн-нан  астам турист барған.

Қайрат Сұлтанов, Қазақстан балалар мен жасөспірімдер туризмі қауымдастығының  төрағасы:

Биыл Ресейден келетін туристер  саны едәуір  артқан. Олардың басым бөлігі Бурабай курорттық аймағы мен Астанаға ағылып жатыр. Келер жылы да осындай  туристер ағынын күтіп отырмыз. Қазіргі басты мәселе  – шекара бекеттерін дамыту. Нақтырақ  айтсақ, цифрландыруға көңіл бөліп, ақша айырбастауға арналған  банкоматтарды көптеп орналастыруымыз керек.

Владимир Падалко, РФ Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті:

Көлік тасымалын да әрі қарай дамытуымыз керек. 2019 жылдан бері өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп келеді, дегенмен әлі де атқаратын шаруа қыруар. Кейде жүк көліктері шекара бекеттерінде тұрып қалып жатады. Осы мәселені оңтайлы шешуге көбірек көңіл бөлгеніміз абзал.
Бөлісу