Басты Жаңалықтар Мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмектің аясы кеңейіп келеді

Мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмектің аясы кеңейіп келеді

Елімізде бүгінде 240 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Мемлекет мұндай азаматтарды әлеуметтік қорғау, оңалту және қоғамға бейімдеу бағытындағы жұмыстарды кезең-кезеңімен жетілдіріп келеді. Мәселен Түркістан облысының Шардара ауданында 180 мүгедек бала бар. Олар арнаулы оңалту орталығынан жан-жақты көмек алады.
Шардара ауданы облыс орталығынан шалғай жатыр. Сондықтан ата-аналар баларын оңалту үшін қалаға қатынауға мәжбүр. Десе де ауданда ашылған шағын оңалту орталығы он жылдан бері науқас балаларға қызмет көрсетіп келеді. Мекемеде әлеуметтік, медициналық және педагогикалық көмек көрсетіледі.
Зәуре Ешбаева, Балаларға арналған оңалту орталығының директоры:
Ауылдардан да келіп жатады. 45-50 минут жол жүріп, ата-аналарымыз күнделікті әкеліп, әкетіп жатады. Логопед, психолог, педагог, дефектолог, лфк, массаж мамандықтары қызмет көрсетеді. Балалар толықтай кешке дейін осы жерде тамақтанады.
Заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған орталыққа келушілер денсаулығын қалпына келтіріп қана қоймай, қоғамға бейімделеді. Әрі білім алуына да жағдай жасалған. Барлық қызмет түрі тегін көрсетіледі. 12 жастағы жасөспірім Жанерке Тұранова орталыққа жеті жылдан бері келеді. Тілінде кемістігі бар қызбен мамандар жылдар бойы жұмыс істеп, қазір кітап оқи алатын дәрежеге жеткен.
Жанерке Тұранова :
Мен сөйлей алмайтын едім, бірақ апай мені сөйлетіп жіберді. Барлық апай ұнайды. Сабақ оқытады. Сурет салдырады. Өлең айтқызады. Би билейміз, жаттығулар істетеді. Кітап оқытады.
Науқас балалардың ата-аналары қажетті ем алу үшін әртүрлі медициналық мекемелерді жағалап, тіпті өзге қалаларға бармай-ақ осында оңалтудан өтуге болатынын айтады. Әсіресе тірек қимылы бұзылған балалар үшін массаж мамандарының көмегі зор.
Халида Жәдігерова, Шардара қаласының тұрғыны:
Бұл жерге келгенде менің балам 1,5 жаста еді. Осы жерге келгелі дамуы жақсы болып жатыр. 2,5 жас дегенде нәтижесі болса керек, жүріп кетті. Енді тілі шықса екен деп жатырмыз. Балабақшаға бере алмаймыз. Сондықтан осы жерге келіп балалармен араласады.
Өңірде бүгінде ерекше қажеттілігі бар 103 мың адамға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Олардың 15 мыңнан астамын 18 жасқа дейінгі балалар құрайды. Жеткіншектерге инклюзивті білім беру жүйесін дамыту және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету тұрақты жолға қойылған.

Бөлісу