Қазақстан – Ресей өңіраралық форумы
Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Ресейге барды. Қасым-Жомарт Тоқаев Омбы қаласында өтіп жатқан ХХІІ Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысады. Биылғы жиында экономикалық әріптестікті кеңейтуге басымдық беріліп отыр. Негізгі бастамалардың бірі – Еуразия кеңістігінде шағын және орта бизнесті қаржыландыратын арнайы қор құру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Омбы әуежайында Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук пен Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко қарсы алды.
Өңіраралық форум жұмысы кеше басталды. Оған екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері, кәсіпкерлер мен сарапшылар қатысып, сауда-саттықты ұлғайту, көлік дәліздерін дамыту және инвестициялық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылап жатыр.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Қазақстан мен Ресейді әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара байланыстырады. Еліміздің жеті облысы Ресейдің он екі өңірімен шектеседі. Сондықтан көрші елдер үшін экономиканы, көлікті, өндіріс пен инфрақұрылымды бірлесіп дамыту – уақыт талабы әрі өзара тиімді бағыт.
Форумның басты тақырыбы – экономикалық ынтымақтастық. Қос ел арасындағы тауар айналымы жыл сайын артып келеді. Дегенмен сарапшылар оның әлеуеті бұдан да жоғары екенін айтады.
Айдар Әбілдабеков, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
Мамандардың пікірінше, өсімнің негізгі көзі – бірлескен өндірістер. Яғни дайын өнімді өзара жеткізумен ғана шектелмей, жаңа кәсіпорындар ашып, қосылған құны жоғары өнім шығару қажет.
Қазақстан мен Ресейді тоғыз теміржол өткелі байланыстырады. Былтыр осы бағыттар арқылы 92 миллион тоннадан астам жүк тасымалданған. Ендігі мақсат – көлік бағыттарын әртараптандыру.
Сол бастамалардың бірі – өзен логистикасын қайта жандандыру. Форум барысында Ертіс бойындағы өзен порттарын қалпына келтіру мәселесі көтеріліп, тараптар бұл бағыттағы келіссөздерді бастап кеткенін мәлімдеді.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Бұл – Қытайдан бастау алып, Қазақстан аумағы арқылы Ресейге құятын трансшекаралық Ертіс өзені. Кезінде осы су жолымен кемелер тұрақты түрде жүк тасымалдаған. Енді сол мүмкіндікті қайта пайдалану ұсынылып отыр. Мамандардың айтуынша, жоба жүзеге асса, өзен бойындағы сауда жанданып, өңірдің көлік-логистикалық әлеуеті айтарлықтай артады.
Айдос Шайхислам, «Атамекен» ҰКП Павлодар облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы:
Ынтымақтастықтың маңызды бағытының бірі – білім саласы. Бүгінде Қазақстанның оқу орындары мен Омбы облысының білім беру ұйымдары 190-нан астам келісім аясында бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді.
Торғын Ашенова, «Омбы қазақтары» газетінің бас редакторы:
Былтыр ашылған Қазақстан ұлттық университетіндегі қазақ тілі мұғалімдерін даярлайтын филология бағыты – өте маңызды жоба. Ертең осы факультетті тәмамдаған жастардың білімі екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қызмет етеді деп сенемін.
Жиын барысында мәдениет және білім салаларында ынтымақтастықты арттыруға да ерекше басымдық берілді
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Омбыдағы бұл көше қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың есімімен аталады. Ғалым осы қалада білім алып, ғылымдағы алғашқы қадамдарын жасаған. Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы тарихи әрі рухани байланыстың тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Ал бүгінгі өңіраралық форум сол ықпалдастыққа жаңа серпін беріп, экономикалық әрі гуманитарлық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы