Маңғыстаудың жартасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді
Маңғыстаудың тарихи-мәдени құндылықтары әлемдік деңгейде мойындалды. Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан Үпі жартас мешіттері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енді. Бүгін Кореяның Пусан қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-ші сессиясында осындай оң шешім қабылданды. Бұл туралы Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин өзінің Telegram арнасында хабарлады. Ерлан Қариннің айтуынша, бұл – Қазақстан тарихындағы айтулы оқиға. Өйткені, төл мәдени мұрамыз ЮНЕСКО-ның беделді тізіміне соңғы рет 22 жыл бұрын қосылған еді. Кейінгі жылдары ғана Президенттің бастамасымен бұл бағыттағы жұмыс қайта жанданып, жаңа деңгейге көтерілді. «Маңғыстаудың жартасты мешіттері тек құлшылық жасайтын мекен ғана емес, өз заманында білім мен ағартудың өзіндік орталықтары болды. Бұл жартастарда халқымыздың тарихи жады, ата-бабаларымыздың аманаты сақталған. Осылайша, ЮНЕСКО аталған нысандарды көпғасырлық рухани, мәдени, архитектуралық дәстүрлердің озық үлгісі ретінде мойындады. Тарихи нысандардың ЮНЕСКО тізіміне енуі әлем назарын кезекті рет Қазақстанға аудартып, отандық туризмге соны серпін әкеледі. Әрі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады», - деп жазды Ерлан Қарин. Сондай-ақ ЮНЕСКО тізіміне ұлттық номинацияларды қосу ісі қайта жанданды. Енді алда таза ағаштан салынған Жаркент мешіті мен Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуін, Қаратау петроглифтерін және хәкім Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО тізіміне енгізу міндеті тұр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы