Америка Сирияда әскерін қалдырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Америка Сирияда әскерін қалдырады

18.01.2018

Америка Құрама Штаттары өз әскерін Сирияда белгісіз мерзімге қалдыратынын аңғартты. Сондағы мақсаты – толық талқандалмаған «ДАИШ»-тың қайта бас көтеруіне жол бермеу, Иранның ықпалын шектеу және президент Башар Асадты биліктен дипломатиялық тәсілмен кетіруге жол ашу.

Жақында мәлім болғандай, АҚШ Сирияның Түркия мен Ирак арасындағы шекарасы маңында 30 мың адамдық күш құрмақ. Олардың дені күрдтерден жасақталуы мүмкін. Болашақ әскерді Түркия «террорлық армия» деп атады. Ал, Ресей осы жоспары үшін Вашингтонды Сирияны бөлшектемек деп айыптады. Бірақ, Құрама Штаттар Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонның мәлімдеуінше, Америка кететін болса, Сирияны қарулы топтар тағы да басып алады.

Рекс Тиллерсон, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

- Біздің дипломатиялық әрекеттеріміз Сирияны тұрақтандыру мен ондағы жанжалды саяси жолмен тоқтатуды көздейді. Құрама Штаттар мұнда өз әскерін қалдыра отырып, «ДАИШ»-тың қайта көтерілуіне жол бермеуді мақсат тұтып отыр. 2011 жылғы қателікті қайталай алмаймыз. Сол кезде Америка әскері кеткеннен кейін Ирактағы «әл-Каида» тағы да күшейіп, «ДАИШ»-ты құрды. Сондай-ақ, өзге террористік топтар да ылаң салып, Иракты бейберекетсіздікке ұрындырды.

Ал, Түркия Сирия шекарасына өз танкілерін жақындатып жатыр. Әскери техника мен жауынгерлер көрші елге кез келген уақытта басып кіруі ғажап емес. Әне-міне басталуы мүмкін операцияның мақсаты -  шекараның ар жағында үш автономиялық аудан құрған күрдтерге тойтарыс беру. Сонымен қатар, ресми Анкара осы аймақта Америка күрдтердің көмегімен құруы тиіс күштерге де соққы беретінін қатаң ескертіп отыр.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу