Француздың «Lactalis»  компаниясы  83 елден өнімдерін кері қайтарады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Француздың «Lactalis»  компаниясы  83 елден өнімдерін кері қайтарады

15.01.2018

Француздың әйгілі «Lactalis» компаниясы Еуропаның, Африканың, Азияның 83 елінен балалар тағамын қайтармақ. Жалпы алғанда, 12 миллион қорап құрғақ сүт дүкен сөрелерінен алынып жатыр. Өйткені, олардың құрамында сальмонеллез болуы мүмкін. Жұқпалы бактерия осы өнімді шығарған зауыттан табылды. Сондықтан, компания басшылығы дереу тауарларын кері шақыруға мәжбүр.

Қазақстанға 2004 жылы келген «Lactalis» бүгінде әлемнің 40 елінде жұмыс істеп жатыр. Ол жылына шамамен 21 миллиард доллардың өнімін сатады. Ал, сальмонеллаға келсек, бұл бактерия асқазан мен ішек қызметін бұзатындықтан, балалар үшін өте қауіпті. Одан Францияда 35, Испания мен Грекияда бір-бір адамның зардап шеккені анықталып отыр. 

Брюно Ле Мэр, Франция Қаржы министрі:

 - «Lactalis» балаларға арналған барлық құрғақ сүтті кері қайтарады. Бұл шешімнің күші олардың өндірілген күніне, сатылған супермаркеті мен дәріханасына қарамай әрекет етеді. Осынау радикалдық қадамның түпкі мақсаты – адам қолымен жасалуы мүмкін жаңа қателіктерге енді жол бермеу.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу