Иранда сан мың адам үкіметті жақтап шеруге шықты. Бұл акция бесінші күнге ұласып отыр. Демонстранттардың басты ұрандары: «Америка өлсін!», «Израиль өлсін!», «Бүлікшілдер өлсін!». Ал, Ислам Республикасының Революциялық сақшылары мемлекет пен қауіпсіздік күштерінің өткен аптадағы көтерілісті тоқтатқанын жариялады. Бірақ, халықаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, билікке қарсылық интернетте жалғасып жатыр. Бұл күрес үшін тұрғындар «Telegram» мессенджерін пайдаланып отыр. Оны Иранда 40 миллиондай адам немесе халықтың жартысына жуығы қолданады.
Естеріңізге сала кетсек, желтоқсанның 28-де Иранда қымбатшылық пен адам құқығының тапталуына қарсы акция басталып, ол 80-нен астам қалаға тарады. Жастар мен жұмысшы тап коррупцияға және байлар мен кедейлер арасының тым алшақтауына да қарсылық білдірді. Көтеріліс нәтижесінде 22 адам қаза тауып, мыңнан астамы тұтқындалды. Алайда, ресми Тегеранға сенсек, тәртіпсіздіктерді елдің сырт дұшпандары ұйымдастырды.
Арыстан РЫСБЕК