Иранда тәртіпсіздіктер кезінде жүздеген адам тұтқындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иранда тәртіпсіздіктер кезінде жүздеген адам тұтқындалды

03.01.2018

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі Ирандағы жағдайға байланысты мәжіліс өткізуді жоспарлап отырған жоқ. Мұны Қазақстанның осы ұйымдағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров Астананың Қауіпсіздік кеңесіне төрағалығы басталғанда мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетсек, Иран Ислам Республикасында алты күнге созылған көтеріліс кезінде 21 адам қаза тауып, Тегеранның өзінде 450 адам тұтқындалды. Толқулар елдің барлық провинцияларына тарап, тәртіпсіздіктерге ұласты. Полиция бекеттеріне шабуыл жасалды.

Наразылық акциясы тауық еті мен жұмыртқаның 40 пайызға қымбаттауынан басталды. Кейін демонстранттар саяси ұрандар көтеріп, үкіметті Сирия мен Ирактағы және Йемендегі соғыстарға қаржы шығындап, елдің жағдайын ойламай отыр деп айыптады.

Айта кету керек, Иран 2015 жылы алып державалармен жасалған ядролық келісімге байланысты халықаралық санкциялардан босатылды. Алайда, сарапшылардың пікірінше, одан қарапайым халықтың жағдайы түзеле қойған жоқ. Елдегі жұмыссыз жастар қатары 29 пайызға жақындап отыр. Дегенмен, елдің рухани жетекшісі Аятолла Хаменейдің сөзінше, ирандықтарды көтеріліске итермелеген - сыртқы күштер.

Аятолла Әли Хаменей, Иранның Рухани жетекшісі:

- Дұшпандарымыз мүмкіндік іздеп отыр. Соңғы күндердегі оқиғаларға қараңыздар. Ислам Республикасымен қастасқандарда ақша да, саясат та, қару да, барлаушы аппаратурасы да бар. Олар Ислам режимі мен Ислам Республикасының тұрақтылығын теңселткісі келеді.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу