Экс-президент Альберто Фухимориге рақымшылық жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экс-президент Альберто Фухимориге рақымшылық жарияланды

25.12.2017

Перу президенті Педро Пабло Кучинский елдің бұрынғы лидеріне рақымшылық жариялады. 79 жастағы Альберто Фухимори бұл мемлекетті 1990-2000 жылдары басқарды. Ал, 2009 жылы ол адам өлтірді, азаматтарды ұрлады, адамзатқа қарсы қылмыс жасады деген айыппен 25 жылға сотталды. Сонымен қатар, экс-президент коррупцияға барып, мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны үшін де жауапқа тартылды.

Альберто Фухимори – жапон иммигрантының баласы. Ол 1994 жылы әйелімен ажырасып, «елдің бірінші ханымы» деген титулды қызы Кейкоға сыйлады.

Айықпас дертке шалдыққан Фухимориді қамаудан босату туралы шешімді Перу басшысы осыдан бірнеше сағат бұрын қабылдады. Бұған ашынған кейбір тұрғындар шеруге шығып, полициямен қақтығысты.

Қоғамның бір бөлігі оны Перуді экономикалық дағдарыстан шығарып, солшылдардың қанды көтерілісін басқан айтулы тұлға деп есептейді.

Өзге перуліктер үшін Фухимори – жемқор диктатор және қылмыскер.

Лима тұрғыны:

- Біздің ойымызша, оған рақымшылық заңға қайшы жарияланды. Ал, Фухимориге берілген медициналық анықтама – жалған. Үкімет пен экс-президент бұл жерде жасырын келісімге барып отыр. Біз мұндай қылмыскердің бостандықта жүргенін қаламаймыз.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу