Иерусалим Израильдің астанасы атануы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иерусалим Израильдің астанасы атануы мүмкін

06.12.2017

Бүгін көне қала Иерусалимнің мәртебесі өзгеруі мүмкін. Оны АҚШ президенті Израильдің астанасы деп жарияламақ. Сондықтан, «Хамас» қозғалысы сәрсенбіні «Ыза күні» деп атап, палестиналықтарды ауқымды шеруге шақырды. Трамптың жоспарына араб елдерін айтпағанда, Вашинтонның Еуропадағы басты одақтасы Ұлыбританя мен Рим папасы да қарсылық білдіріп үлгерді.

Бүгін Президент Дональд Трамп Иерусалимді Израильдің астанасы деп жарияламақ. Сондай-ақ, ол АҚШ елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіру жөніндегі көпжылдық процесті бастауға нұсқау беруі ықтимал. Мұны Ақ үйдегі жоғары лауазымды тұлғалар хабарлады. Елшілік үшін жер таңдау керек, инфрақұрылым салу қажет, қауіпсіздік мәселесі тағы бар. Мұның бәрін реттеуге 3-4 жыл кетуі мүмкін.

Америка әкімшілігінің сөзінше, Трамп мұндай қадамға «тарихи және қазіргі өмір шындығын» мойындағандықтан және Құрама Штаттарға не тиімді деген тұрғыдан бармақ.

Сара Сандерс, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:

- Мен Президент жасауы тиіс мәлімдемеден озайын деп отырған жоқпын. Ол кісі осы мәселе бойынша бірқатар лидерлермен сөйлесті. Соның нәтижесінде мемлекет басшысы Құрама Штаттар үшін жақсы деген шешім қабылдауы керек.

Израиль Иерусалимнің шығысын 1967 жылғы «алты күндік соғыста» басып алып, оның бөлінбейтінін ескертіп келеді. Алайда, Палестина көне шаһардың шығысын өзінің болашақ мемлекетінің астанасы етуден үмітті.

Иерусалимде иудаизм үшін ғана емес, христиандар мен мұсылмандар үшін қасиетті орындар көп. Сондықтан, оның Израиль астанасы атануына араб елдері ғана емес, Рим Папасы, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропа одағы, Ресей мен Түркия, тіпті, Вашингтонның басты одақтасы - Ұлыбритания мен тағы басқа елдер қарсылық білдірді.

Ахмед Әбуль Гейт, Араб лигасының бас хатшысы:

- Бұл қауіпті қадамға қарап отырып, оның Палестинаға ғана емес, Араб және Ислам әлеміне де кері әсер ететінін атап өткім келеді. Сондай-ақ, мұндай шешімнің зардапсыз болмайтынын АҚШ әкімшілігі мен президентіне де ескертуді жөн көріп отырмыз.

Болжамдарға қарағанда, Трамп Иерусалимді Израилдің астанасы етіп жариялайтын болса, Палестина-Израиль бейбіт келіссөздерін қайта бастауға мүмкіндік болмайды. Сонымен бірге, мұндай шешім мұсылмандардың ғана емес, христиандардың да наразылығын тудырып, аймақты тағы бір жанжалға ұрындыруы мүмкін.

Айта кетсек, халықаралық қауымдастық Израильдің Иерусалимге билігін мойындамай келеді. Сондықтан, көне қалада әлемнің бірде-бір мемлекетінің елшілігі жоқ.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу