Иерусалим – Израильдің астанасы. Бүгін АҚШ президенті Дональд Трамп осындай мәлімдеме жасамақ. Мұны Ақ үйдегі жоғары лауазымды тұлғалардың бірі хабарлады. Бірақ, оның сөзінше, Вашингтон өз елшілігін дереу Тель-Авивтен тарихи қалаға көшірейін деп отырған жоқ.
Егер Трамп Иерусалимді еврей мемлекетінің астанасы деп жариялайтын болса, Америка дүниежүзінде мұндай қадамға барған алғашқы елге айналады.
Израиль Иерусалимнің шығысын 1967 жылғы «алты күндік соғыста» басып алып, оның бөлінбейтінін ескертіп келеді. Алайда, Палестина көне шаһардың шығысын өзінің болашақ мемлекетінің астанасы еткісі келеді.
Қазір араб елдері ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропа одағы да Иерусалимнің тұтастай Израилдің қол астына өткеніне қарсы. Сонымен бірге, Трамптың әрекеті халықаралық қауымдастықтың Таяу Шығыста екі мемлекет құрып, бейбітшілік орнату жоспарын күйретіп, мұсылман әлемінің АҚШ пен Израилге наразылығын күшейтуі мүмкін. Ал, Түркия Тель-Авивпен дипломатиялық байланысын үзетінін жариялап үлгерді.
Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:
- Мен Құрама Штаттардың Иерусалимді Израильдің астанасы ету ниетін білгенде, қатты күйіндім. Трамп мырза, Иерусалимге мұндай мәртебе беру - мұсылмандар үшін шектен шығу. Бұл мәселе бойынша күресті тоқтатпаспыз. Шын мәнінде, АҚШ президентінің әрекеті бізді Израильмен дипломатиялық байланысты үзуге итермелеуі мүмкін.
Арыстан РЫСБЕК