Бүгін Женевада Сирия жөніндегі келіссөздердің 8-ші раунды басталуы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Женевада Сирия жөніндегі келіссөздердің 8-ші раунды басталуы керек

28.11.2017

Алайда, бұрын осындай жеті кездесу сәтсіз аяқталды. Бұл жолғысынан да ешкім үлкен прогресс күтіп отырған жоқ. Өйткені, Сирия оппозиционерлері тағы да президент Башар Асад отставкаға кетсін деген талап қойды. Дегенмен, Ресей әуе күштерінің көмегімен соғыста жеңіске жақындаған Асад мұндай талапқа көнбей отыр. Оның үкіметі тіпті Женеваға делегат жібермейтінін ескертті.

Келіссөздердің негізгі тақырыбы – конституцияны қайта жазу, әділ сайлау өткізу және 7 жылға ұласқан соғысты тоқтатудың «жол картасын» жасау. 

Насыр әл-Харири, Сирия оппозициясының бас келіссөз жүргізушісі:

«Біз баса мән беріп отырған мәселе – саяси жолмен Асадты биліктен кетіру. Біріккен Ұлттар Ұйымының Сирия жөніндегі елшісі екіжақты да алдағы келіссөздерге қатысуға шақырды. Біз дайынбыз. Сондықтан, осындамыз. Біз үшін күн тәртібінде тұрған негізгі проблема – өтпелі үкімет құру, конституцияны жазу, еркін әрі әділ сайлау өткізу».

Женева келіссөздері қарсаңында Сириядағы жағдай ушығып отыр. Соңғы бірнеше күнде Дамаск маңындағы көтерілісшілер бақылауындағы Шығыс Гута ауданы әуе шабуылдарына ұшырап, 41 адам қаза тапты. Құрбандардың ішінде балалар бар.

РИА «Новости» агенттігінің хабарлауынша, Ресей Сирияға қатысты өзіндік келіссөздерді ақпанда Сочиде өткізуі мүмкін. Ол конгресстің көздегені – Сирия үкіметі мен оппозициясын жаңа конституция жазуға және одан кейін сайлау өткізуге көндіру.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу