Бейжіңде әлемнің екі экономикалық державасының лидерлері кездесті. АҚШ президенті Дональд Трамп, Қытайға Оңтүстік Кореядан осыдан бірнеше сағат бұрын жетті. Ол екі күндік сапары барысында Си Цзиньпинмен сауда және Солтүстік Корея мәселелерін талқылайды.
Болжамдарға қарағанда, Ақ үй басшысы Қытайдан Пхеньянмен арадағы іскерлік байланысты қысқартып, солтүстіккореялық жұмысшыларды елден шығаруды талап етпек. Айта кету керек, Ким Чен Ын режимі ядролық және зымырандық сынақтар үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының санкциясына алынып отыр.
Қытайда «Твиттерге» тыйым салынған. Сондықтан, «Трамп бұл әлеуметтік желіні қолдана ала ма?» деген сауалға әзірге жауап жоқ.
Америка президентінің ұшағы Кореяда әуеге көтерілерде, қалың тұман тұрған. Сондықтан, Трамп Қытайға Күннің ашылғанын күтіп, бір сағат кешігіп ұшты. Құрама Штаттардың Бейжіңдегі елшісінің пікірінше, оның бұл сапарының маңызы бөлек.
Тэрри Брэндстад, АҚШ-тың Қытайдағы елшісі:
- Меніңше, президент Трамптың осында келіп, президент Симен кездесуі тарихи мәнге ие. Олар бұған дейін Гамбургте жүздесті. 9 рет телефон арқылы сөйлесті. АҚШ президенті Солтүстік Кореядан төнген қауіпті еңсеру мәселесінде Қытайдан қолдау көріп отыр. Пхеньянға санкциямен қысым жасалып жатыр. Бірақ, әлі де атқарылуы тиіс істер бар.
Арыстан РЫСБЕК