Өзбекстан азаматына айып тағылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстан азаматына айып тағылды

02.11.2017

Нью-Йорктің Федералдық прокуратурасы Өзбекстан азаматы Сайфулло Саиповқа 8 адамды өлтірді деген айып тақты. Сонымен қатар, Саипов лаңкестік ұйымға материалдық көмек көрсеткені үшін де кінәлі. Алайда, айыпталушы өзіне куәгерлік етуден бас тартқан. Және де ол «ДАИШ»-тың жиһад жайлы идеяларынан шабыттанып, Нью-Йоркте мейлінше көп адамды қырғынға ұшыратқысы келгенін мойындады.

Естеріңізге сала кетсек, 29 жастағы Саипов осы қаланың Манхэттен ауданында көпшілікті көлікпен қағып, 8 адамды мерт қылды.  Тағы 11-і жараланды. Сол жерде тұрған полицей оны атып жаралап, тұтқындады.

Бұл терактіден кейін президент Дональд Трамп иммиграциялық заңды қатаңдатуға бұйрық берді. Сонымен қатар, ол 2010 жылы Саиповтың Құрама Штаттарға баруына жол ашқан грин-карт бағдарламасын жоюды қолдап отыр.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу