Мерт болғандардың арасында екі шетелдік бар. Біреуі – Бельгиядан, екіншісі – Аргентинадан. Жүргізуші жалға алған пикаппен велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерді қақты. Содан кейін бұл машинаның соққысынан мектеп автобусында екі ересек пен екі бала жараланды. Көп кешікпей күдіктіні сол маңда тұрған полицей іштен атып, тұтқынға алды. Одан тәркіленген екі тапаншаның бірі – пейнтболға арналған, екіншісі - пневматикалық.
Жозие Лис, куәгер:
- Біз ол адамды көрдік. Машинасын да байқадық. Өңі қаралау келген, сақалды жігіт. Қолында бір емес, екі қаруы болды. Қорықтық әрине. Аң-таңбыз, мынау кім деп. Содан кейін қашыңдар деген дауысты естідік.
Ақ машинамен көпшілікті қаққан жігіт – 29 жастағы өзбекстандық Сайфулло Саипов болып шықты. Құрама Штаттарға ол 2010 жылы кеткен. Ал, Нью-Йоркке Флорида штатының Тампа қаласынан барған. Жергілікті полицияның мәліметінше, оның көлігінен табылған қағаз Саиповтың «ДАИШ»-пен байланыста болғанына дәлел. Ал, қала мэрі бұл оқиғаны «Террорлық акт» деп атады.
Билл де Блазио, Нью-Йорк мэрі:
-Жанға қатты батқан, сұмдық трагедия болды. Осы сағатқа дейін келіп түскен мәліметке қарағанда, бұл - кінәсіз адамдарға қарсы бағытталған қорқау террорлық акт. Шабуылшы алаңсыз тіршілік етіп, кенеттен соққы тиеді деп еш ойламаған тұрғындарды нысанаға алды.
Ал, президент Дональд Трамп өзінің «Твиттердегі» парақшасында Нью-Йоркке тағы да «сырқат әрі есі ауысқан адам шабуыл жасады» деп жазды.
Құрбандар саны жағынан бұл - Нью-Йорктегі 2001 жылғы терактіден кейінгі екінші үлкен шабуыл. Ол соңғы бір жарым жылда Еуропаның Лондон, Ницца тәрізді қалаларында болған лаңкестік оқиғаларға көбірек ұқсас.
Арыстан РЫСБЕК