Каталонияда саяси дағдарыс туризмге кері әсер етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каталонияда саяси дағдарыс туризмге кері әсер етті

25.10.2017

Каталониядағы саяси дағдарыс туризм мен бизнеске кері әсер ете бастады. Мұны бүгін Испанияның тұтастығын қолдайтын «Каталан Азаматтық Қоғамы» қауымдастығы мәлімдеді. Олардың ақпаратына жүгінсек, аймақтың қонақ үйлеріне келушілер күрт азайып, Барселона орталығындағы кәсіпкерлердің табысы 40 пайызға төмендеп кеткен.

Сонымен қатар, жыл соңына дейін Каталонияның жалпы ішкі өнімінің көлемі 2 пайызға қысқарады деген болжам бар. Негізі бір Барселонаның өзіне жылына орта есеппен 11 миллион турист барады екен. Бірақ, ай басында аймақ тұрғындары тәуелсіздік бойынша дауыс бергелі, саяси тұрақсыздықтан қауіптеніп, мыңнан астам кәсіпорын өз кеңселерін Испанияның өзге аудандарына көшіріп әкеткен. 

Бірақ, испан үкіметі ел экономикасының 12 пайызын құрап отырған Каталонияны уысынан шығармақ емес. Ресми Мадрид қазанның 27-і күні провинцияға тікелей билік ету жүйесіне көшіп, жергілікті үкіметтің қызметін тоқтатуы мүмкін.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу