Онда қабылданған резолюцияға сәйкес, Қытай бейбіт даму жолын ұстанып, жаңа халықаралық қатынастар жүйесін құруға ықпал етеді. Ол жүйе өзара құрметке, адалдыққа, әділдікке және өзара ұтымды ынтымақтастыққа негізделмек.
Бес жылда бір өтетін конгресс қазанның 18-де ашылып, оған 2300-дей делегат қатысты. Бүгін хабарлағанымыздай, Қытай басшысы Си Цзиньпиннің аты мен «саяси ойлары» ел конституциясына жазылатын болды. Ол идеологияға сәйкес, Қытайда 2049 жылға дейін гүлденген әрі заманауи социалистік қоғам орнауы тиіс. Бұған дейін басты заңға Мао Цзэдун мен Ден Сэопиннің ғана есімдері енген екен.
Өзгертілген конституцияға сай, партия армияға «абсолютті түрде» жетекшілік ете алады. Ал, Сидің тұсында жаңарған қарулы күштер мемлекет басшысының «Бір белдеу, бір жол» атты сыртқы саяси бастамасын ілгерілетуге ат салыспақ. Айта кету керек, бұл бастама бойынша Қытай жолдар мен теміржол желілері, порттар мен экономикалық жобалар арқылы Оңтүстік-Шығыс Азиямен, Орталық Азиямен, Африкамен, Еуропамен байланыс орнатуды көздеп отыр.
Арыстан РЫСБЕК