Өзбекстанның экс-президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримоваға Қылмыстық кодекстің алты бабы бойынша айып тағылып, қамауда отыр. Ол 12 жыл бойы қылмыстық топқа бақылау жүргізген. Сол топ триллиондаған сумның мүлкіне заңсыз иелік етіпті. Мұны бүгін Республиканың Бас прокуратурасы алғаш рет мәлімдеді.
Осы органның тағы бір дерегіне жүгінсек, бұрынғы мемлекет басшысының 45 жастағы қызы 2015 жылы салықтан жалтарғаны үшін 5 жыл бас бостандығын шектеу жазасына іліккен. Сонымен қатар, Каримованың Швейцариядағы, Швециядағы, Британия мен Франциядағы, Латвия мен Ирландиядағы, Испания мен Ресейдегі, Гонконг пен Араб Әмірліктеріндегі есепшоттарын жабу жолдары қарастырылып жатыр. Оларда шамамен 1,5 миллиард доллар сақталса керек.
Гүлнара Каримова 2014 жылы көзден ғайып болып, былтыр тіпті - әкесі Ислам Каримовты жерлеу рәсіміне де қатыса алмады.
Арыстан РЫСБЕК