Сириядағы қантөгісті уақытша болса да тоқтатудың мүмкіндігі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сириядағы қантөгісті уақытша болса да тоқтатудың мүмкіндігі бар

12.02.2016
Сириядағы қантөгісті уақытша   болса да тоқтатудың мүмкіндігі бар
Сириядағы қантөгісті уақытша   болса да тоқтатудың мүмкіндігі бар


Сирияда бір аптаның ішінде түрлі топтардың арасындағы атыс-шабыс тоқтауы мүмкін. Мюнхенге жиналған «Сирияны қолдаудың халықаралық тобы» аталып кеткен елдер өкілдері бас қосу кезінде осындай уағдаластық жасады. Бұл топқа АҚШ, Ресей бастаған 20 мемлекет кіреді.

Бейсенбі күні Германияның Мюнхен қаласына жиналған халықаралық қауымдастықтың өкілдері Сирия билігі мен оппозициясы арасындағы қарулы қақтығысты тоқтату туралы мәмілеге келген. Ол үшін Башар Асадты қолдап отырған Ресеймен тіл табысудың маңызды екендігін топқа кіретін барлық мемлекет өкілдері мойындап отыр. Нәтижесінде, Сирияда бір аптаның ішінде текетірес жасаушы топтар әскери қимылдарды тоқтатуы керек. Алайда, бұл мәміле Сирия билігі мен оппозициясына қатысты болып отыр. Яғни, билік пен оппозицияны жақтаушы державалар өздерінің дегенінен шықпайтын топтарды атысты тоқтатуға көндірмекші. Әйтпесе, Мюнхендегі жиын Асад пен оған қарсылардың арасындағы кездесу емес. Сыртқы күштердің, Сириядағы жағдайға алаңдап отырған елдердің өкілдері жиналды Бавария жеріне. Сондықтан, бұл шешімді Сирия жеріндегі қантөгісті тоқтататын бірден-бір амал ретінде қарастыруға болмайды.

Басқосудан кейін баспасөз мәслихатын өткізген АҚШ пен Ресейдің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Джон Керри мен Сергей Лавров Сирияға гуманитарлық жәрдем көрсету мәселесінің өзекті екендігін атап өткен. Дегенмен, Мюнхен басқосуына қатысқан елдердің барлығы дерлік Башар Асад билігін халықаралық құқық нормаларын бұзғандығы үшін айыптап отыр. Джон Керри Асад билігінің барлық әскери қимылдарды оппозицияға қарсы бағыттағанын, бұл өз кезегінде ДАИШ топтарының еркінсіп кетуіне мүмкіндік беріп отырғанын айтқан.

Ал, Сергей Лавров болса жиында Сирия халқына гуманитарлық көрсету мәселесінде келісімге келгендерін мәлімдеді. Гуманитарлық жәрдем жасау кезінде ешкімді бөілп-жарып, алалауға жол бермеу мәселесі өзекті екендігін айтты. Яғни, гуманитарлық көмек көрсетуге ешбір қарулы топ кедергі жасамауы тиіс. Гуманитарлық көмек Сирияның кез келген ауданына жеткізілуі тиіс.

Дегенмен, Джон Керри бұл уағдаластықтың әзірге қағаз жүзінде екендігін де мойындаған. Мюнхенде қабылданған шешімдерді майдан шебіндегі топтардың орындауын бақылау да маңызды. Әсіресе, террорлық топтардың жағдайды шиеленістіруге ұмтылуы мүмкін екендігін де сарапшылар жоққа шығармайды. Сондықтан, антитеррорлық коалиция күштері террористерге қарсы ұрыстарды жалғастыра береді.



Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу