Мүмкіндігі шектеулі болса да мұқалмаған жан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі болса да мұқалмаған жан

07.03.2014
Мүмкіндігі шектеулі болса да мұқалмаған жан

Елімізде мүмкіндігі шектеулі болғанымен, жұмысқа деген құлшынысы шексіз жандар көп. Солардың бірі - Алматы облысы Шарын ауылында шаруа қожалығын басқарып отырған Жамал Оқаева. Көлік апатынан кейін жүріп-тұрудан қалған оның іскерлігі қол-аяғы сау ер азаматтардан еш кем емес.

 
Жамал Оқаева балдақ таянса да алған бағытынан тайынбайтын жандар қатарында. Ауылда алғашқылардың бірі болып шаруа қожалығын ашты. Егінді де салып, малды да бағып, өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосуда. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қолда бар сиырды асылдандыруға кірісті.
 
Жамал Оқаева, Шарын ауылының тұрғыны:
13 бас ірі қара, 1 асыл тұқымды мал алғанбыз. Содан ол отыз болды. Қазір 42 болды. Қазір алтауы төлдеді. Жаман емес. Тек қана ірі қарамен ғана емес жылқымен де айналысам ба деген ой бар.
 
Аудандағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың басын біріктіріп, қоғамдық бірлестік құрды. Жуырда ғана іскер әйелдер қауымдастығын басқарды. Кембағалдығын ұмытып, жұмысқа білек сыбана араласуына басты себеп, бала-шаға қамы еді.
 
Амантай Самылтаров, ұлы:
24 сағаттан артық істемесе, кем істемейді. Мүмкіндігі шектеулі болса да соған қарамастан жұмысты атқарып жатыр. Алға қойған мақсаты көп.
 
Даладағы шаруадан уақыт артылып жатса, Жамал Оқаева қол машинасын айналдырып, іс тігеді. Апаттан кейінгі алғашқы кезеңде осылай жан баққан екен. Іскер әйелдің жоспарлары да ауқымды. Аудан орталығынан балабақша ашқысы келеді. Қазір ғимарат мәселесін шешіп, құжаттарын реттеу үстінде.
 
Жамал Оқаева, Шарын ауылының тұрғыны:
50 баланы алып тәрбиелеп, 20 адамды жұмыспен қамтиын деп отырмын. 50 баланы тәрбиелу деген 50 отбасының жұмысқа кіруге мүмкіндігі бар деген сөз. 
 
Ешкімге масыл болмай өз жанын өзі баққан Жамал Оқаева өзгенің де жұмыс істегенін қалайды. Ал, ауылды жерде балабақша болса, бүлдіршіндер мектепке дейінгі біліммен қамтылады.
 
 
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу