Асқар Мамин жұмыс сапарымен ШҚО, Алматы және Қарағанды облыстарына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Мамин жұмыс сапарымен ШҚО, Алматы және Қарағанды облыстарына барды

24.05.2019

Алакөл туристік аймағындағы қызмет көрсету сапасы артады. Премьер-Министр Асқар Мамин ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүктеген тапсырмаларының орындалу барысымен танысты. Көл жағасында жүргізілетін абаттандыру жұмыстары туристерді тарту мен қатар аймақтың дамуына ерекше серпін бермек.

Соңғы 5 жылдың ішінде Алакөлде демалатындардың саны 10 есе артып, былтыр 1 миллионнан астам турист келген. Биыл бұл сан 2 миллионға дейін жетуі мүмкін. Ал, барыс-келістің көп болуы демалушыларға жасалатын қызмет түрі мен сапасына тікелей байланысты.

Жанар Алшымбаева, Алматы облыстық Туризм басқармасының басшысы:

- Алакөл көлінің жағалауында демалатындардың 95 пайызы - қазақстандықтар. Шетелдік туристердің көбі Ресейден келіп жатыр.

Ал, көлдің шығыстағы жағасына соңғы 2 жылда 5,3 миллиард теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жағажайдағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Биылға тағы 8 ірі жоба жоспарланып отыр.

Асқар Мамин Шығыс Қазақстанда жүргізіліп жатқан жол құрылысымен де танысты. Биыл бұл жолдың 265 шақырымы пайдалануға берілмек. Жалпы, жол құрылысы келер жылы толық аяқталуы тиіс. Бұл жердегі жұмыстарға 2 мың адам, 1300 техника жұмылдырылған.

Қарағанды-Балқаш бағытындағы тасжолдың құрылысы да 2020 жылы аяқталады. Ал, биыл аяқталатын Теміртаудан Қарағандыға дейінгі және облыс орталығының айналма жолы елорда мен Алматы қаласының арасындағы қатынасты арттырмақ. Премьер-Министр барлық жұмыстарды жылдам әрі сапалы орындауды тапсырды.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу