Асқар Мамин Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Мамин Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды

26.03.2021

Қостанайда жылына 20 мың KIA авто көліктерін шығару жоспарланып отыр. Үкімет басшысы облысқа жұмыс сапары барысында автомобиль жасау және ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру барысын көрді.

Асқар Мамин «KIA Motors Ресей және ТМД» компаниясының президенті Ким Чжин-Хамен бірге «СарыарқаАвтоПром» зауытында көлік өндірістік желісінің ашылуына қатысты. Кешенде аталған автомобильдің сан түрі шығарылмақ. Биылдан бастап 8, ал, 2022 жылдан тағы 4 маркасы қосылады. Бірлескен өндіріс ел нарығындағы ең қол жетімді темір тұлпарға айналады. Иелеріне 5 жыл кепілдік беріледі. Бұл Еуразиялық банкінің тиісті несиелік бағдарламасына сай мүмкін болып отыр. Жалпы Қостанай зауытына былтыр елде өндірілген техниканың жартысынан астамы тиесілі.

Чжин-Ха Ким, «KIA моторс Ресей мен ТМД» ЖШҚ президенті:
Біздің дамуымызда ТМД елдерінің нарығы маңызды рөл атқарады, соның ішінде Қазақстан – одан әрі өсу үшін неғұрлым басым өңірлердің бірі болып отыр.

«Автомобиль жасау Қазақстанның индустриялық дамуының стратегиялық маңызды бағыты. Ол жыл сайын оң динамиканы көрсетуде». Асқар Мамин саланы осылай салмақтады. Сондай-ақ өңірде шойын құймасын өндіру зауытының құрылысы қарқынды. 3 жылдан соң аяқталады. 300 жаңа жұмыс орны ашылып, өнімнің 95%-ы экспортталмақ.

Сергей Серебряков, «Петербург трактор зауыты» АҚ директоры:
Біз үшін Қазақстан көлемі жағынан Ресейден кейінгі екінші нарық болып есептеледі. Техникамыз үлкен сұранысқа ие. Сондықтан бұл жоба біз үшін өте маңызды. Оның сәтті жүзеге асуына барлық күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз.

Үкімет басшысы «АгромашХолдингі» оқшаулау орталығына да барды. 36 мың шаршы метр аумақта металлды лазермен кесу, майыстыру, интерьер бөлшектерін, термошу оқшаулағышты өндіруге және конвейерлік құрастыруға арналған автоматтандырылған желілер бар. Мұнда жуырда аграрлы техника бөлшектерінің 1200-ден астам түрі өндіріледі. Танымал «Кировец», «Essil», «Lovol», JAC, Chevrolet брендтерінің атаулары шығарылады.

Владимир Антух, «Сарыарқа Авто Пром» ЖШС басқарма басшысы:
Біз Қазақстанда өндірістің толық циклы қамтылған жалғыз зауытпыз. Яғни, дәнекерлеу, бояу және автокөлікті құрастыруды өзіміз жасаймыз. Бүгін «KIA» көлігін құрастыру желісін іске қостық. Әрине, өте қуаныштымыз.

Премьер-Министр «КАМАЗ», «Татнефть», «АвтоВАЗ» және «KIA Motors» компаниялары басшылығымен автомобиль жасау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту әлуетін талқылады. Бірлескен жобаларды іске асыру бойынша 9 құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда өнеркәсіптік құрастыру және инвестициялық келісімдер бойынша мәмілелесті.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу