Қазақстанда Инвестициялар тарту жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды (Толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда Инвестициялар тарту жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды (Толығырақ)

22.04.2019

Оны Премьер-Министр Асқар Мамин тізгіндейді. Бүгін Үкімет отырысында елге шетелдік капитал тарту жөніндегі іс-шаралар пысықталды. Кеңес Қазақстанға инвестиция тартудағы өзекті проблемаларды шешіп, жүйелі жұмыстарды бір жерден үйлестіреді. Себебі мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасында инвестиция бағытындағы жұмыстарда бірізділік жоқ. Салдарынан елге тартылған шетелдік капиталдың көрсеткіші төмендеп кеткен. 

Бақыт Сұлтанов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- Өткен жылы елордаға рекордтық көлемде инвестиция тартылды. Сырттан түскен қаржы 1 рет 1 трлн теңгеден асты.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

- Соңғы 3 жылда 5 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Өткен жылдың өзінде 15 пайызға шетелдік инвестиция 21,4% өсті.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

- Биылғы жылдың бірінші тоқсанында негізгі капиталға салынған инвестиция 101,3 млрд-ты құрады. Нақты көлемі 160,5% болды.

Әкімдердің есептері әдеттегідей әдемі. Шетелдік қалталылардың қаржысы қазақ жеріне құйылып жатыр, көрсеткіш өсіп жатыр. Алайда, жер-жердегі сандардың басын қосып сөйлеткен Қаржы министрінің көрсеткіштері бұған мүлдем кереғар.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі:

- Қазақстанда жалпы инвестициялар ағынының өсуіне қарамастан таза инвестициялар көлемі 2016 жылғы 8,5 млрд доллармен салыстырғанда өткен жылы 3,8 млрд долларды құрап, екі еседен көп құлдырады. Сондай-ақ, өкінішке қарай, біздің экономикамыздың шикізаттық емес секторларына тікелей шетелдік инвестициялар олардың жалпы көлемінің үштен бір бөлігін ғана құрайтынын атап өту керек.

Яғни, шикізаттық емес салаға тартылған тікелей инвестицияның көлемі 5%-ға да жетпей отыр. Оның басты себебі мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы жұмыста үйлесім, ортада байланыс жоқ. Әркім өз бетімен тыраштанады. Кесірінен түскен пайдадан береке болмай тұр. Қордаланған түйткілдер де аз емес.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Бірінші – заң үстемдігі; екінші – теңге курсының құбылмалдығы мәселесі; үшінші – инфрақұрылым тарту және жер учаскелерін бөлуге қатысты проблемалар; төртінші – салықтық құқықбұзушылықтарды қылмыс деп танымау мәселесі; бесінші – миграция, визалық мәселе.

Мәселе көп. Шетелдік бақуаттыларды баурап алатын тартымды жобалар да жеткіліксіз. Олқылықтардың орнын толтыру мақсатында енді «Астана» қаржы орталығы өңірлік инвестициялық хабқа айналмақ. Себебі орталықтың мүмкіндігі көп, әсіресе, ағылшын құқықтарының принциптеріне негізделген бірегей құқықтық жүйенің пайдасы зор.

Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:

- Шетелдік және отандық бизнес инвестицияларды әділ құқықтық қорғауға сенімділік болған жерге ғана салады. Бұл сенімділік жылдар бойы қалыптасады. Кейде ол үшін 10 жылдықтар қажет. Алайда, инвестициялар бүгін қажет. Бизнес үшін қажетті сенімділікті ағылшын құқығы, ағылшын тілі және ағылшын соты береді. 

Әлемдік бизнестің 80%-ы ағылшын құқығын таңдайды. Гонконг және Дубай сияқты алпауыт қаржы орталықтарының инвестицияларды табысты тартуы соны айғақтайды. Осы ретте, бізде де тұрақты және жайлы жағдайлар жасалуы шарт.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Елбасы міндет қойды. Инвестиция көлемін ЖІӨ-нен 30 пайызға арттыру керек. Осы ретте шетелдік инвестициялар - еліміздің дамуының негізгі драйвері. Ол экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге жағдай жасайды. Осы бағытта тапсырмалар айқындалды, енді жұмыстар қарқынды жұмыс ұйымдастыру керек.

Инвестицияны арттыруды ту еткен кеңестің жұмыс жоспары құрылды, құрамы жасақталды. Оған аталған салаға жауапты ведомство басшылары түгел енеді. Олар инвестициялық жобаларды тиімді іске асыруға қажетті маңызды шешімдерді шұғыл қабылдап, дереу әрекетке көшеді. Кеңестің миссиясы да - осы. Ал, 16 мамырда өтетін Астана экономикалық форумында шетелдік капиталды тартудың тың тетіктері таныстырылмақ.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу