Бюджетке қатысты құжат кері қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бюджетке қатысты құжат кері қайтарылды

04.04.2019

Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңын Мәжіліске кері қайтарды. 2019 жылы республикалық бюджеттің шығыстары 1 трлн 206 млрд теңгеге ұлғаяды. Басым бағыт, әрине, әлеуметтік сала болмақ.

Елорданың іргесіндегі Пригородный ауылында шешілмеген мәселе шаш етектен. Ішерге су жоқ, бір ауылға екі-ақ колонка. Жолдың жағдайы мынау. Қар ерісе, көктем келсе болды, балалар сабаққа бара алмайды, ересектер жұмысқа жете алмайды.

Әли Өтепов, ауыл тұрғыны:

- Балалардың сабаққа баруы - проблема, өз машинамызбен апарамыз. Машиналары жоқтар осылай жүреді.

Енді бұл мәселелер шешімін табады. Бюджетте ірі қалалардың маңында орналасқан ауылдардағы проблемаларды шешуге биылғы жылы 30 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысының қала маңындағы ауылдарына 15 млрд теңге, Алматы қаласына 10 млрд теңге және Шымкент қаласына 5 млрд теңге. Сонымен қатар 2019 жылға арналған 30 млрд теңге «Ауыл – ел бесігі» жаңа арнайы жобасын іске асыруға бөлінеді.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының спикері:

- Заң жобалары Елбасының тапсырмаларын орындау үшін маңызды шараларды қаржыландыруға бағытталған. Республика Президентінің Үкіметке берген тапсырмасын орындау көзделген.

Бюджеттің негізгі бағыты әлеуметтік шараларды іске асыруға бағытталған. Ол үшін биылғы жылы 481,3 млрд теңге бөлінді. 2019 жылы 261,3 млрд теңге шығыстар азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдауды күшейтуге жіберіледі. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 100 млрд теңге шығыстар аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталады. 90 млрд теңге - өңірлік инфрақұрылымды дамытуға арналады. Олар жергілікті жолдар желісін дамытуға, сумен жабдықтауға, су бұру мен су шаруашылығына, газбен жабдықтау мен электр энергетикасына бағытталады. Құжатқа өзгеріс енгізу қажеттілігі астанамыздың атауын Нұр-Сұлтан қаласына өзгерту, жаңа мемлекеттік органды - Елбасы кеңсесін құру, бюджет саласының жалақысы төмен жұмыскерлерінің және атқарушы органдардың санаттары төмен мемлекеттік қызметшілерінің жалақысын арттыру мерзімін биылғы 1 шілдеден 1 маусымына ауыстыру сынды тапсырмаларға негізделген. Бұл мақсатқа 38,8 млрд теңге жұмсалады.

Жалпы, қомақты әлеуметтік төлемақылар нарыққа құйылады. Депутаттар инфляциялық қауіп бола ма деп алаңдайды. Өйткені қазір сүт, ірімшік, май өнімдерінің өзі 11 пайызға қымбаттап кеткен.

2019 жылы Жастар жылы деп жарияланғаны белгілі. «Жас кәсіпкер», «Жас маман» бағдарламаларын жүзеге асыру үшін 24,6 млрд теңге қарастырылып отыр. Түсімдер кедендік әкімшілендіруді күшейту нәтижесінде 200 млрд теңге көлемінде қосымша кірістер, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті 250 млрд теңгеге ұлғайту көзделуде.

Ольга Перепечина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға біз кепілдендірілген трансфертті ұлғайта отырып, қайтадан Ұлттық қордан қаржы алуға мәжбүрміз. Бұл орайда келер жылдары осы саланы қаржыландыру тетіктері қалай жүзеге асады деген заңды сұрақ туындайды. Өйткені әлеуметтік сала республикалық бюджеттен үнемі қаржыландыруды талап етеді.

286 млрд теңге Елбасының 2017 және 2018 жылдардағы Жолдауларын жүзеге асыруға жұмсалады. Республикалық бюджет шығыстары 2019 жылы 11 895 млрд теңге болады деп жоспарланып отыр. Кешегімізді қаузадық, ертеңімізді екшедік, енді қазына қаржысын тиімді, әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін жұмсау қажет. Құжатқа толықтырулар енгізген Сенат заң жобасын Мәжіліске кері қайтарды.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу