Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты.
Ақпаратқа сәйкес, пәтерлерді үлестіру жұмыстары өңірлерден басталмақ. Шамамен 1500 пәтер беріледі деген жоспар бар. Ал, жыл сайын жүйелі түрде бала-шағасымен өзгенің босағасында қысылып-қымтырылып тұрып жатқан 6 мың көпбалалы ана баспаналы болмақ. Нәтижесінде Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын іске асыру аясында 7 жыл ішінде 40 мың пәтер өз иесін табатын болады.
Министрдің айтуынша, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы үшін өңірлерге республикалық бюджеттен 32,8 млрд теңге қарастырылған. Шамамен 4,5 мың пәтердің құрылысы жоспарлануда.
Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Мемлекет басшысының «Nur Otan» партиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмаларын іске асыру үшін 2019 жылға бюджетті айқындау аясында көпбалалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйдің құрылысына және сатып алуға өңірлерге 50 млрд теңге бөлу қарастырылған. Жалпы, аталған іс-шараға 7 жыл ішінде 350 млрд теңге қарастырылған. Бұл жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасын пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни, 7 жылда 40 мыңнан астам пәтер беріледі деген сөз.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТҚЫЗЫ