Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға күш салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға күш салынады

27.02.2019

Аймақтарда электр жарығына, ауызсуға, көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырған жұрттың мәселесі жақын жылдары түбегейлі шешілмек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша Үкіметке нақты тапсырмалар берді.

Ербол Мәндібек, тілші:

- Біз қазір Астана іргесіндегі Ильинка ауылындамыз. Мұнда соңғы 10-15 жылда мыңдаған үйлер салынған. Алайда тұрғындар үшін әлі күнге дейін шешілмей келе жатқан үш мәселе бар. Ол - ауызсу, жол және электр жарығы. Айта кетерлігі, бұл проблема жалғыз Ильинка үшін ғана емес, жалпы елорданы жағалай орналасқан елді мекендерге тән мәселе.

Еліміздің әр түкпірінен келген азаматтар бұл ауылдан шама-шарқы жеткенше үй салған. Әлі де салып жатыр. Халық үшін нағыз қиыншылық көктемде келеді. Қар еріп, көшенің бәрі батпаққа айналады. Балалардың мектеп пен балабақшаға баруы проблемаға айналады.

Ильинка секілді инфрақұрылымы жоқ немесе әбден тозығы жеткен елді мекендер жетерлік. Ондағы жұрттың жанайқайы жиі шығатыны жасырын емес. Биік мінберлерден талай айтылды және талқыланып келеді. Бүгін бұл мәселені Елбасы «Нұр Отанның» съезінде атқарушы биліктің есіне тағы да салып, Үкіметке нақты тапсырмалар берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалалардың айналасындағы елді мекендердің мәселесін шешуге 2019-2021 жылдар аралығында қосымша 90 миллиард теңге бөлінеді. Шағын және моноқалаларды дамытуға алдағы үш жылда қосымша 10 миллиард теңге беріледі. Еліміздің тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету, газ жеткізу мәселесі - маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатқа 140 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Осылайша сәл осы бағытта 2 млн 200 мың адамның мәселесін шешіп, қолайлы жағдай жасаймыз. Сондай-ақ, газ тартуға және электр жарығымен қамтуға 190 миллиард теңге қарастырылсын.

Демек алдағы жылдары тағы да еліміздің 1 миллионнан астам тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізеді және аймақтардағы электр жарығы мәселесін түбегейлі шешу көзделіп отыр. Өңірлерде жасалатын осыншама қауырт жұмыстың сапалы атқарылуын бақылау және халық алдында жариялы есеп беру жиілемек.

Алдағы үш жылда республика көлемінде инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылады. Атап айтқанда, газдандыру, ауызсу тарту, жол салу мәселесінде шағын шаһарлармен бірге шалғайдағы елді мекендер де ескеріледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отанның» бүгінгі съезінде Үкіметке әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамытуға 900 миллиард теңгеден астам қаражат қарастыруды тапсырды. Ал, оның жымқырылмай жөнді жұмсалуын қырағы қадағалауға билік партиясынан бастап барлық мемлекеттік органдар сенім білдірді.

 Ербол МӘНДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу