Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Мемлекеттік Думасының жетекшісі Вячеслав Володинмен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Мемлекеттік Думасының жетекшісі Вячеслав Володинмен кездесті

02.11.2018

Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Мемлекеттік Думасының жетекшісі Вячеслав Володинмен кездесті. Жиында екіжақты ынтымақтастыққа қатысты сан алуан мәселелер талқыланды.

Қасым-Жомар Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің халықаралық аренадағы әріптестігін және парламентаралық байланыстарын жоғары бағалады. Осы және өзге де өзекті тақырыптар Ресей Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен болған кездесуде де сөз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар, Ресей сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында болып, баяндама жасады. Ол Еуразия аймағының геосаяси рөлі мен Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы орны жайлы ойларымен бөлісті.

Еуразияның келешегін айқындауда, Еуразиялық экономикалық одақ пен «Бір белдеу, бір жол» деп аталатын қытайлық мегажобаның маңызы ерекше екенін айтты. Бұдан бөлек, Сенат төрағасы  көпшілікті Президент Жолдауымен таныстырып, еліміздің әлемдік және аймақтық қауіпсіздікті күшейтуге қосып жатқан үлесіне арнайы тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Астана – Еуразиядағы диалог пен бітімгершіліктің орталығы ретінде барша тараппен мойындалған мәртебеге ие болды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Укранинаның шығысындағы жағдайда реттеуге үлкен күш-жігер жұмсады.

Ресей мен Түркияның қарым-қатынасын қалыпқа келтіруге жеке өзінің шешуші үлесін қосты. Бұдан бөлек, Астана қаласында Сирия дағдарысын реттеуге арналған көптеген кездесулер өтті. Астана форматы кейбір Батыс елдерінің түрлі көзқарасына қарамастан, өзінің тиімді екенін дәлелдеді.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу