Маңғыстау облысында биылдың алғашқы үш айында 910 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Ішкі тауар айналымы 950 млн. теңгені құрайды. «Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жаңа заңның арқасында бұл көрсеткіштерді еселуге болады», - дейді Үкімет басшысымен кездескен өңір кәсіпкерлері. Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев өндіріс орындарын аралап, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Жаңаөзен қаласында әлеуметтік бағдарламалар сәтті жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпкерлік нысандарының қатары көбейген. Қазір қалада 3500 шағын және орта бизнес тіркелген. Ал, жылына 600 адам жеке кәсібін ашады. Заңға енгізілген өзгерістер шағын қаладағы кәсіпкерліктің өрістеуіне серпін бермек.
Сәуле Салихова, кәсіпкер:
- Бұл өзгерістер кәсіпкерлер үшін өте тиімді дер едім. Ең бастысы, жөнсіз тексеру, бақылау азаяды. Бір жағынан кәсіпкерлер жауапкершілікті сезінуі тиіс. Босаңсымауы керек. Өз тауарлары мен өнімдерінің сапасын жақсарта түсу керек.
Жанна Палекеева, кәсіпкер:
- Елбасының кәсіпкерлер үшін қолдауы өз нәтижесін беріп келеді. «Атамекеннен» 4 пайызбен 4 млн. теңге алдым. Маған төлемеуге 4 ай жеңілдік берді. Қазір төлеп жатырмын. Сондағы қосылатыны 3 жылға 140 мың теңге ғана.
Үкімет басшысы мұнай компаниясына барып, өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен де танысты. 16 мекемеге қызмет көрсететін басқармада 327 адам еңбек етеді. Мұндағы жұмысшылар жарамай қалған жабдықтарды жөндеп, істен шыққан құрылғыларға жан бітіреді. Жыл басында жаңа цех пайдалануға берілді. Сәйкесінше, жұмыс сапасы жақсарып, өнімділік артты.
Нұрлан Көшкімбаев, компанияның басқарма директоры:
- Демалатын орындары, салқындатқышы бар. Былтыр ұжымдық шарт жасасып, жағдайлары жасалды. Жұмыс көлемі бұрын 3,5 млрд. болса, енді 4,5-5 млрд-қа жеткіземіз.
Өңірдегі білім ошақтарының 95 пайызы интернетпен қамтамасыз етілген. Облыс бойынша бүгінде 4 ІТ сынып ашылды, оның біреуі Жаңөзен қаласында. Үш ауысымды мектептерді азайту мақсатында тағы үш білім ошағы биыл пайдалануға берілмек.
Айсара АЙТМАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.