Басты Жаңалықтар Қазақстандағы тың реформаларды Брюссельде талқылады

Қазақстандағы тың реформаларды Брюссельде талқылады

«Қазақстанның жаңа саяси дәуірі: конституциялық реформалар іс жүзінде». Осындай атпен еліміздің Бельгиядағы елшілігінің «Шаңырақ диалогтары» пікірталас алаңында кезекті отырыс өтті. Шараға Бельгия Корольдік сарайының, Еуропалық Одақтың негізгі институттарының, іскерлік топтардың өкілдері қатысты. Сарапшылар елдегі Парламенттік сайлаудың нәтижелерін, реформаларды талқылап, өзара ынтымақты арттыру жайын қаузады.

«Қазақстандағы конституциялық және парламенттік реформалар - саяси трансформацияның жаңа кезеңі». Құрылтай сайлауына Бельгиядан байқаушы ретінде қатысқан Георги Готев осылай дейді. Сапардан алған әсерімен бөліскен журналист Қазақстанда бір палаталы Парламенттік жүйені және Вице-Президент лауазымын енгізу маңызды деп санайды.

Георги Готев, «Eualive» медиа порталының құрылтайшысы, редакторы:

Бізде Болгарияда бір палаталы парламент және вице-президент қызметі де енгізілген. Бұл тәжірибе өзінің жемісін беруде. Қазақстан үшін де бұл жақсы модель деп есептеймін. Тың өзгерістер елдегі тұрақтылық пен болжамдылықты арттырары сөзсіз. Және бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, аймақ елдеріне жалпы әлем үшін маңызды нәрсе қазір.

«Бір палаталы Құрылтай құру елдегі заң шығару процесін жеделдетіп, шешім қабылдау үдерісінің тиімділігін арттырады». Орталық Азия бойынша тәуелсіз сарапшы Альберто Тюркстра осылай дейді. Оның пайымынша, тың өзгерістер тепе-теңдік жүйесін нығайтуға және азаматтардың мүддесі үшін тиімді қызмет ететін мемлекеттік институттарды құруға септігін тигізбек.

Альберто Тюркстра, «Дипломатиялық әлем» басылымының жоба жетекшісі, Орталық Азия елдері бойынша тәуелсіз сарапшы:
Құрылтай депутаттарының 75 пайызға жуығы - бұрын депутаттық тәжірибесі болмаған жаңадан келген азаматтар. Бизнес, ғылым, азаматтық қоғам басқа да сала мамандарынан құралған депутаттық құрам ел заңнаманың сапасын арттыруға, маңызды шешім қабылдауға барын салады деген үміттеміз. Яғни кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан реформалар алдағы уақытта өз жемісін берері сөзсіз. 

Елге бір емес бірнеше рет сапарлаған шетелдік сарапшылар Еуропалықтарға Қазақстанның цифрлық даму тәжірибесін, технологиялық бастамаларын үлгі етті. Елдегі жасанды интеллекті, «ақылды қалаларды» дамыту жайын баяндаған елші Роман Василенко жиналғандарды қазанда Астанада өтетін AI & Digital Bridge халықаралық форумына қатысуға шақырды. ЕуроОдақ елдері бізбен сауда-экономика, көлік-логистика, жалпы барлық салада ынтымақты бекемдеуге бейім. Тараптар Қазақстандағы соңғы реформалар өзара тиімді серіктестікке жаңа серпін береді деген сенімде.


Бөлісу