Жиында негізінен екі мәселе қаралды. Олар: еліміздегі институтционалдық реформаларды жүзеге асыру барысы және Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік экономикалық дамуы. Елбасы бірінші мәселе бойынша елімізде біршама жұмыстардың атқарылғанын айтып өтті. 2008 жылы басталған әлемдік қаржы дағдарысынан бері қарай көп нәрсе өзгерді. Ел азаматтарының жұмыс орындарын сақтап қалу үшін жаңа жұмыс орындарын ашу үшін және табыстарын ұлғайту мақсатында мемлекет арнайы жол картасын бекітіп тиісті жұмыстарды атқарды. «Ендігіде ғаламдық геосаясатты және жаһанның жаңа трендтерін ескере отырып жаңа даму бағдарламасын дайындау керек», - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Президент әкімшілігі және Үкімет алдағы даму бағдарламасын әзірлеу керек. Бізге болашаққа нық қадам басу үшін нақты болжамдар қажет. Біздің әрекетіміз нақты, айқын болуы шарт. Салалық және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді және уақытылы жүзеге асуы маңызды. Әсіресе, агроөнеркәсіп секторы бойынша инвестиция тартуымыз қажет. Барлық мемлекеттік органдар халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс істеуі керек. Біздің барлық жұмысымыз халықтың табысын ұлғайтуға бағытталған. Егер мұны орындай алмасақ, онда Үкімет жұмысының әлсіздігі.