Ақордада қауіпсіздік кеңесінің жиыны өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақордада қауіпсіздік кеңесінің жиыны өтті

21.02.2018

Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы қалай жүзеге асырылып жатыр? Бүгін бұл мәселе Ақордада талқыланды. Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен алқалы жиында 2017-2020 жылдарға бағытталған ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру мәселесі жан-жақты қарастырылды. Нұрсұлтан Назарбаев «бұл құжат қауіптер мен сын-қатерлерді анықтауға және олардың алдын алуға мүмкіндік беруі тиіс», деді. Сондай-ақ, отырыста аймақтардағы ахуал да сөз болды. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ, апатты жағдайдағы мектептерді қалпына келтіру, жаңа мектептер салу және өңірдегі діни экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Жиын соңында Мемлекет басшысы орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Былтыр біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында бағдарламалық құжат қабылдадық. Ұлттық қауіпсіздік қорғаныс немесе ішкі саясатта ғана емес, сонымен қатар, экономика, өскелең ұрпаққа тәрбие беру және басқа да барлық салаларда қамтамасыз етілуге тиіс.

Хабарламаларға жазылу