«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізінің Арал ауданы аумағындағы жол ескірген
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі жөндеуді қажет етеді. Әсіресе Қызылорда облысы Арал ауданының аумағындағы жол ескірген. Соның салдарынан осы аумақта 6 айда 16 жол-көлік оқиғасы тіркелген. 9 адам қайтыс болды, 24 жолаушы ауыр жарақат алды.
Ақерке Берікбекқызы, тілші:
Халықаралық дәліз бойымен күніне 3 мың көлік өтеді. Соның 2 мыңнан астамы жүк көлігі. Көп жағдайда апат осы жүк көліктерінің қатысуымен болады. Біз осы жерде жүргенде соның куәгері болдық. Мақта тиеген жүк көлігі өртеніп кетті.
Азамат Тайманов, куәгер:
Жүк көлігі кетіп бара жатқан. Өрт шықты. Өрт болып жатқан кезде аяқ астынан екі жеңіл автокөлік соғысты. Біреуі- лексус, екіншісі- мерседес, бір бірімен соғысты.
Әрі қарай жүргенімізде тағы екі апатты көрдік. Біреуінде екі адам қаза тапты, екіншісінде бір адам ауыр жарақат алды. Жалпы жол көлік оқиғасы жиілеп тұр. Былтыр жарты жылда 11 оқиға тіркелсе, биыл 16 қайғылы жағдай болды. Адам өлімі 80 пайызға артқан.
Асхат Тәженов, Арал ауданының прокуроры:
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолында жол-көлік оқиғасы орын алуының бірден-бір себептері – жолдың тар болуы, 2 жолақты ғана болуы. Және де қоршаумен қамтамасыз етілмегені...
Халықаралық дәліз 60 мың тұрғыны бар Арал ауданының 9 елді мекенін басып өтеді. Бұл ауылдардың барлығы мал шаруашылығымен айналысады. Яғни 9-ында 65 мыңнан астам түлік бар. Түйе мен сиырдың жолға шығып кетуі салдарынан да көлік апаттары жиі болады.
Ғалымжан Оспанов, «Қазавтожол» ҰҚ АҚ Облыстық филиал директоры орынбасарының міндетін атқарушы:
Жол табандарының және асфальт шөгуіне байланысты Арал ауданындағы 1240, 1330 шақырымдарында «Салини» мекемесі кепілдік мерзімі аяқталмауына байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Жер асты мал өткізетін жерлер салынған болатын. Қазіргі таңда ол жеткіліксіз болғандықтан, біздің тарапымыздан, «Абайлаңыз! Үй жануарлары» деген үлкен қадалар орнатудамыз.
Мамандардың зерттеуі бойынша, малды көлік қағып кету жағдайы негізінен түнгі мезгілде болады. Тас жолмен жүйткіген жүргізуші алдынан кенеттен мал шыға келсе, тежегішті басып үлгермей қалады. Сондықтан малға сәуле шағылысатын сырға тағуға айрықша мән берілуде. Сырға бірінші кезекте, түйе, ірі қара мен жарыққа жүгіретін жылқыларға тағылады. Ал жол жөндеу жұмыстарының сапасын прокуратура айрықша бақылауға алды.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы