Арыстағы жарылыстан зақым келген жолдар да жөнделіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстағы жарылыстан зақым келген жолдар да жөнделіп жатыр

08.08.2019

Арыстағы жарылыстардан зақым келген жолдар да жөнделіп жатыр. Мамандар қала іші-сыртындағы сүрлеу-соқпақтың бәрін сүзіп шығып, 67 көшеге зақым келгенін анықтаған. Бүгінде 60 арнайы техника, жүздеген жұмысшы Арыс жолдарын қалпына келтіруге жұмылдырылған.

 

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

Арыс қаласында жалпы ұзындығы 273 шақырым болатын жол тексеруден өтті. Жарылыстардан оның 60 шақырымына зақым келгені анықталды. Бүгінде 40 көшеде осындай жөндеу жүріп жатыр.

Тас жолдар табадай қызып тұрса да, жұмысшылар табан етін, білек күшін аяп жатқан жоқ. Маңдай тері сорғалап, жүктелген шаруаны бітіру үшін жанығып жүр. Жалпы оқ пен оттан ой-шұқыры шыққан 67 көше біртіндеп  жамалып жатыр.  Соның 4-еуі Арман Әбдіхалықовтің үлесіне тиген. Ол бүлінген жолдарды ғана емес, бұрын асфальт болмаған жерді де тақтайдай етпек.    

Арман Әбдіхалықов, учаске басшысы:

 Сол 4 көшенің бірі Қошқарбаев көшесі. 1 км 270 метр. Осыған орташа жөндеу жұмысы 15 см тас төсеп, 46 шам ілеміз, әр 30 метр сайын.

Әкімдіктегілердің айтуынша, 68 шақырым көше бойына 2 жарым мыңға жуық жарық шам ілінеді. «Бұдан бөлек, 46 шақырым аяқ жол, 7 шақырым велосипед жолағы төселеді. Бүгінде 9 жарым мың шаршы метр жолдың жиегі жаңадан қойылып, қар мен жаңбыр суын ағызатын 41 шаршы метр арық салынады»,- дейді. 

Ақылбай Қазыбек, Арыс қаласы әкімдігі тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөлімінің бас маманы:

Жоспар бойынша, 19 көшені жөндемек едік. Соның 9-ы жөнделді. Қалпына келтіру бойынша қосымша 67 көшеге қаржы бөлінді. Оның ішінле 56 шақырым асфальт жабындысы төселіп, жарықтандыру жұмыстары жүретін болады....

Бүгінде 4 көшеге асфальт төселді. 19 -ына қиыршық тас қоспасы құйылып жатыр. Ал 2 көшеге жарық бағандарын бекітетін ұңғыма қазылып, бетон құюлуда. Мердігерлер: «Арыс жолдарын 20 тамызға дейін жөндеп бітеміз»,- дейді.

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу