Жамбыл облысында дауылдан зақым келген нысандар жөнделіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында дауылдан зақым келген нысандар жөнделіп жатыр

19.11.2021

Жамбыл облысында жел басылып, жолдар ашылды. Қазір қатты дауылдан кейін зақым келген нысандар жөнделіп жатыр.

Шығын көлемі әлі де есептелуде. Соңғы мәліметтер бойынша Тараз қаласында құлаған 18 электр бағаналары тұрғызылып, 5 жылу қазандығы толық іске қосылды. Тұрғындарға көгілдір отын түгелдей беріліп, бүлінген 12 аялдама жөнделді. Облыс бойынша 50 мың абонентке электр қуаты қайта берілді. Әлеуметтік нысандардың шатыры қазір жөнделіп жатыр.

Асхат Есенәлиев, қала әкімінің орынбасары: 
Негізі жарықтан басқа мәселенің барлығы беріліп тұр. Жылу толығымен берілді, басқа да су, канализация және газ беріліп тұр. Екі күнде толығымен жұмысты аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Түркістан облысындағы ақтүтек боранның салдарынан екі тәулік бойына жарықсыз қалған 22 елдімекенге электр қуаты берілді. «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің 10 бригадасы мен 11 техникасы табиғат апатынан бүлінген желілердің барлығын қалпына келтіріп шықты. Сондай-ақ Созақ, Бәйдібек және Сайрам аудандарында да қазір жағдай қалыпты. Мұндағы 5 мың абонентке кеше жарық қайта қосылды.


Хабарламаларға жазылу