Басты Жаңалықтар Заңсыз жолаушылар тасымалын тоқтатуға «Қазақстан темір жолы» компаниясы қауқарсыз

Заңсыз жолаушылар тасымалын тоқтатуға «Қазақстан темір жолы» компаниясы қауқарсыз

Заңсыз жолаушылар тасымалын тоқтатуға «Қазақстан темір жолы» компаниясы қауқарсыз. Айдың басында билет сату үшін енгізілген жаңа жүйесі де нәтиже бермеді. Тіпті алыпсатарлықпен сала қызметкерлерінің де айналысатыны әшкере болған. Көлік комитетінде өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінде сынның көбі осы салаға қатысты болды.  

«Қазақстан теміржолы» компаниясына темірдей тәртіп керек. Әйтпесе салада былық баршылық. Тек билет жетіспеушілігі жұрттың жүйкесін жұқартты. Ал тапшылық көп жағдайда жолсеріктердің де қолымен жасалады. Ұлттық компанияның ұятты тұсы осы.

 

Исламбек Майшекин, «Адал жол» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

Расын айтқанда, алыпсатарлар деген теміржол қызметкерлерінің өздері, яғни пойыз бригадасы. Жолсеріктер әкімшілік құқық бұзушылыққа тартылмаулары үшін транспорттық бақылау, желілік полиция, ревизор, вокзал кезекшісіне пара беріп отырған.   

Қазір қалай амал етсе де, алыпсатарлардың айласы басым. Себебі шілдеден бастап билет сатуға арналған Mobius жүйесі енгізілді. Бұл жасырын саудагерлердің жолын кесуі тиіс-тін. Бірақ ол міндетті әзірге ақтай алмапты.

 

Жасұлан Еламанов, ҚР Бас көлік прокурорының міндетін атқарушы:

Шымкенттегі вокзалдардан бір күннің ішінде билетті заңсыз сатып жүрген 6 адам ұсталды. Олардың бәрі әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 449-бабы бойынша жауапқа тартылды. Дәл оындай жағдай Алматы қаласының вокзалдарында да болды. Яғни осы мысалдар Mobius жүйесінің шикі екенін көрсетеді. 

Мұны ұлттық компания өкілі теріске шығармады, келісті. Жүйедегі кемшіліктер қыркүйектің соңына қарай түбегейлі шешілуі тиіс. Сондай-ақ жүгенсіз 150 жолсерік жұмысынан босатылған. Осы ретте арнайы мониторниг тобының мүшесі қарапайым адамдар ғана емес, заңсыздыққа тікелей жауапты басшылар да жазалануы керектігін ескертті. Ал билет мәселесінде кінәлі тараптар көп.

 

Қанат Әлмағамбетов, «Қазақстан темір жолы» ҰК төрағасының бірінші орынбасары:

Бізде теміржол билеттерін сататын 244 касса бар, ал тағы 500-ден астам касса – жеке меншік агенттіктердікі. Билеттерді сатып алып, сосын қайта сататын солар. Алыпсатарлардың жазасын күшейтуден басқа амал жоқ, басқаша тоқтата алмаймыз оларды.

 

Мұрат Әбенов, қоғам қайраткері, арнайы мониторинг тобының мүшесі:

Прокуратура өкілдерінің билет алып сатқыштарды жолаушылардың мазасын алғаны үшін ғана жауапқа тарта алатыны мені таң қалдырып отыр. Егер прокуратура бұлай қауқарсыздық танытса, қалған органдар туралы айтпасақ та болар. «Бәрі де билетті сатып алушының заң бұзғанын дәлелдеу мүмкін емес»,-дейді. Президенттің өзі бұл мәселені қатаң тапсырып отыр ғой.

 

Отырыста проблемаға орай оңтайлы жол ұсынылды. Алыс шет елді мысал етпей-ақ көрші Өзбекстанды үлгі етті. Перронға билеті бар жолаушылардан басқа жан өтпейді. Яғни әуежайдағыдай. Бұл тапшылыққа да, қауіпсіздікке де қажет. Енді сондай жоба алдымен елорда мен Қарағанды қаласында іске қосылмақ.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Бөлісу