«Болашақ ойындары»: Биылғы турнир несімен ерекшеленді?
29 шілдеде басталған «Болашақ ойындары» деп аталатын дәстүрлі спорт пен киберспорт сияқты цифрлық ойындарды біріктіретін халықаралық мультиспорттық фиджитал турнир бүгін аяқталды. Қатысушылар алдымен компьютерлік симуляторда, сосын кәдімгі спорт алаңында жарысты. Екі кезеңнің ұпайы бірге есептелді.
Фиджитал формат деген сол – цифрлық және шынайы әлемдегі жарыс. Футбол, баскетбол, би сияқты түрлі спорт дисциплиналарын қамтыды және Dota тәрізді ойындар ойналды. Жалпы жүлде қоры 4,65 млн доллар. Толығымен отандық және халықаралық демеуші компаниялар мен қорлардың қаражаты, деді. 50-ге жуық мемлекеттен 800-ден аса спортшы қатысқан. Қазақстан атынан 11 команда өнер көрсетті.
Бұл ойындардың мәні мен мағынасы не? Құмар қылып, бағынышты етіп қоятын ойындармен шатастыруға болмайды. Әп-сәтте пайдаға кенелу жолы да емес. Кәдімгі мамандық. Табыс табатын, тәртіп пен еңбекке негізделген бір бағыт. Бірақ мұны түсіну, тәртіппен жүріп-тұру – ол енді, бірінші кезекте, ойыншының өзіне байланысты. Не болса да, виртуалды ойындар, киберспорт қарқыны бәсеңдемейді. Біздің әңгіменің тіні – салқын ақылға салып, мамандыққа айналдыру.
Заман өзгерген сайын ойындар да өзгеріп жатыр. Технология мен виртуальды әлемнің дамуы спортқа да өзгеріс әкелгендей.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Бұрын біз осындай ойындар ойнасақ, ата-анамыз «өшір» деп ұрсатын. Өйткені, оны біз уақыт өлтіру деп түсіндік. Ал қазір сол ойындардың көбісі халықаралық жарыстарға айналды. Тіпті кейбір балалар миллиондаған табыс тауып жүр. Оны Астанадағы «Болашақ ойындары» көрсетіп берді.
Мысалы, осы турнирдің жалпы жүлде қоры 4 миллион 650 мың доллар. Оны сарапқа салу үшін 50 елден 800 спортшы келді. Олар 8 спорт түрінен бақ сынасты. 5-і фиджитал бағытында болса, 3-і кәдімгі киберспорт.
Мейрамғазы Сапарғалиев, Спорт және дене шынықтыру комитетінің ресми өкілі:
Қазіргі жаһандық, әлемде киберспорт жалпы қатты дамуда. Қазіргі кезде 115 мемлекетте тұрақты түрде федерациялар тіркеліп дамытылып жатыр.
Иә, әлемде киберспорттың көрермені қалыптасып үлгерді деуге болады. Ал Астанадағы жарыстың ерекшелігі – фиджитал бағыт. Бұл жаңашылдық екі жыл бұрын Ресейдің Қазан қаласында басталып, былтыр Әбу-Дабиде жалғасқан. Мұнда командалар алдымен виртуальды әлемде күш сынасса, кейін шын алаңда шайқасады. Жеңімпаз екі ойынның ортақ нәтижесімен анықталады.
Дэниель Меркли – Phygital International бас директоры:
Біз бұл жарыстарды жастардың қызығушылығына қарай әлі де дамытуды көздеп отырмыз. Жастар қандай трендтерді қаласа, сол сұранысты өтеуіміз керек. Ал Қазақстан осы турнирді өткізу арқылы инновацияларға, технологияларға, жастарды заманға сай дамытуға инвестиция салуға ұмтылысын көрсетіп отыр.
Мысалы, бұл жолы фиджитал бағыты бойынша футбол, баскетбол, ММА, контра-страйк және би жарыстары өтті. Соның ішінде әлемде көрермені көп спорт футболды алсақ, ойыншылар мұндай форматқа дайындалу да ерекше екенін айтты. Тіпті, күніне кемі 8 сағат жұмсадық, бірақ бәрі жүйелі, мақсатты түрде, – дейді.
Қасиет Оңғарбек, PhygitalFootball жарысынан UEL TEAM командасының ойыншысы:
Мен футболға қатыстым 7 жылдай және сонымен бірге алып жүріп осы Фифа ойынын ойнап жүрдім. Және солай солай жәйлеп киберспортқа келдім. Көріп отырғаныңыздай қазір үлкен турнирларға қатысып жүрмін. Мен өзім күніне көп ойнайтынмын. Бірақ сонымен қатар өзімнің шынайы футболға да барып жүретінмін. Дисциплина болса барлығына да үлгеруге болады.
Фиджитал футбол көрермендерге ұнаған. Өйткені, бұл жерде уақыт аз, сондықтан динамика жоғары.
Ал DOTA, PUBG сияқты ойындар керісінше ұзаққа созылады және ойыншының да, көрерменнің де төзімділігі сыналады. Мұнда сырт көзге ойыншылар жай ғана компьютер алдында отырғандай көрінеді. Ал шын мәнінде, олар түрлі тактика құрып, стратегиялық жүрістер жасауда. Жарыста жеңу үшін айлар бойы ойынды зерттеп, виртуальды әлемдегі әр қаһарманның қандай тұсы мықты екенін зерделейді. Себебі, адамдар жалығып кетпес үшін, ойындар жыл сайын жаңарып, жаңа функциялар іске қосылады.
Санжар Исхаков, PhygitaLShooter жарысынан NOVAQ командасының ойыншысы:
Бұл спорт және оған солай қарап, алдыңа мақсат қою керек. Әйтпесе, қауіпті. Тағы бір мысал айтайын, спортқа да басында қызыққандардың кейін бір проценті ғана соңында спортшы болады. Сондықтан, өздеріңіз ойланыңыздар.
Демек, компьютер ойнау мен киберспортшы болудың арасы жер мен көктей. Өйткені, киберспорттың айналасына қазір жаттықтырушыдан бастап аналитикке, комментатордан бастап контент жасаушыға дейін жаңа мамандықтар топтасып жатыр.
Мейрамғазы Сапарғалиев, Спорт және дене шынықтыру комитетінің ресми өкілі:
Бұл үшінші рет қана өткізіліп жатқаннан кейін мұның ішінде де дамыту жұмыстары қоса жүріп жатыр. Ол әлемдік жаңағы халықаралық федерацияның өздерімен. Алдыңғы ойындарда мысалы, жаңағы әр елдің атынан қатысса, биылдан бастап клубтың атынан, яғни біз мынау нақты отандық клуб деп айта алмаймыз. Бұл енді футбол жүйесі сияқты. Бір клубтың ішінде әр елдің спортшылары бола береді. Біздің де отандық спортшылар басқа елдің клубтарында өнер көрсетуде.
Бұл виртуальды әлемде шекара жоқ екенінің көрінісі. Өйткені, алдыңызда компьютер, қолыңызда телефон, үйіңізде интернет болса, сонау АҚШ немесе Еуропадағы адамдармен ойнай бересіз. Оларды жүзбе-жүз танымасаңыз да, ойында бірдей ойлансаңыз, дос болып кетуіңіз мүмкін. Мысалы, осындай жарыстарға қатыспаса да, апта сайын клубтарға барып ойнап тұратын Нұрсәт шет елдіктермен көп ойнап, ағылшасын дамытып алған.
Нұрсәт Жәркешов, қала тұрғыны:
CS-те көп жағдайда ағылшынша сөйлейді. Ағылшын тілін үйрену керек болды. Үйреніп тұрып, сөйлесу керек болды, уақыт өткен соң CS-қа қызығушылығым бар болғасын біртіндеп спикингім жақсара бастады. Мысалы, қазіргі таңда мен Ұлыбритания серверінде ойнап отырмын.
Бірақ ойын ойнағанның бәрі ағылшынша сөйлеп кетпейді. Дегенмен, оның да осындай пайдалы жағын ала білу маңызды. Астанадағы жарыстың да айтары сол.
Айтпақшы, биыл Астанада ұлттық спорт университеті ашылған. Алдағы уақытта сол жерде студенттерді осы бағытта оқытып, киберспорттық клубтар жасақтау, ғылыми орта құру жоспарланып отыр.
Мейрамғазы Сапарғалиев, Спорт және дене шынықтыру комитетінің ресми өкілі:
Бұл жарысты өткізуіміз тектен тек емес, өйткені жарысты өткізуге алған техникаларымыз, басқа да фидижтал спортқа арналған қатысты мамандарымыз осы жаңадан ашылған Университеттің балансына берілетін болады.
Демек, Қазақстан тек жарыс өткізумен шектелмек емес. Бұл әлемде сұранысқа айналып бара жатқан саладан тыс қалмауға жасалған қадам. Өйткені, қазір цифрлық әлемнің, соның ішінде видеоойындардың ақша айналымы артып барады. Сол сияқты 12 күнге созылған Астанадағы жарыс аяқталса да, әлемдегі ойын индустриясы енді ғана басталып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы