Қауіпсіздік сертификаты шын мәнінде қауіпсіз бе?
Ұялы телефондарға қауіпсіздік сертификатын орнату керектігі туралы мәселе соңғы күндері қоғамда қызу талқыланып жатыр. Азаматтардың біразы оның тиімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты күмәндарын алға тартуда. Ал мамандар қауіпсіздік сертификатын орнату арқылы заңсыз мазмұндағы контентке тосқауыл қойылады деген уәж айтады. Әріптесім Нысаналы Ығыл «Осы қауіпсіздік сертификаты деген не өзі?», «Ол не үшін қажет?» деген сауалдарға жауап іздеп көрді.
Асқар Жұмағалиев қауіпсіздік сертификатын жуырда ғана қондырса, мемлекеттік қызметкерлер жарты жылдан бері қолданады екен. Бірақ министр жаңа жүйені енгізуде негізгі өкіл болса да алдымен нәтижесін күткен секілді.
Асқар Жұмағалиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Тек соңғы айдың өзінде сертификат 8 миллион вирустық белсенділікті анықтады. Және мемлекеттік орган мен мемлекеттік қызметкерге жасалған 130 мыңнан астам кибер шабуылдан қорғап отыр.
Иә, құзырлы органдардың қорқатыны – кибер қауіп. Ал жұртшылықты қауіпті сайттардан сақтандандыру керек деп есептейді үкіметтегілер. Бұл ретте Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі күніне 10-нан 100-ге дейін кесірлі ресурстардың анықталатынын, оның 90 пайыздайы терроризмді насихаттайтынын жеткізді. Жастарды есірткіге еліту мен есірткіні таратумен айналысатын, қатыгездікті көрсететін сайттар да жетерлік. Енді солардан қорғанудың ең тиімді жолы – қауіпсіздік сертификаты деп отыр жауапты тұлғалар.
Нұргүл Мауберлинова, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары:
Бүгінге дейін нақты сол интернет ресурстардың парақшаларына кіретін техникалық мүмкіндік болған жоқ. Біз әлеуметтік желілердің әкімшілеріне ескерту хат жазып алдырып тастап отырғанбыз.
Қауіпсіздік сертификаты – ол сүзгі. Яғни зиянды материалдар бұғатталып тұрады. Сондай интернет ресурстар тізімі Іішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Прокуратура және Сот та бар. Алайда жалпыға жарияланбады. Себебі елде 140 мыңнан аса, ал әлемде миллиардтаған сайт тіркелген.
Арман Әбдірасылов, Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры;
Олар тізімін жариялау керек. Өйткені көптеген сұрақтардың бірі қай сайттарға пайдаланылады? Банктердің сайтына, AliExpress сайтына пайалана ма, пайдаланбай ма? Сол тізімді көргеннен кейін адам өзі шешім қабылдайды деп ойлаймыз?
Азаматтардың сертификатты қондыру-қондырмауы өз еркінде. Сарапшының шешім қабылдауы дегені де сол еді. Енді қауіпсіздік сақталды делік, бірақ құпиялылық сақтала ма?
Асқар Жұмағалиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Конституция бойынша заңнамаға сәйкес ешқандай ақпарат жинауға болмайды да, беріп жіберуге болмайды.
Әйтсе де әккі хакерлер құнды мәліметтерді әшкерелеп жүргені белгілі. Бір ғана мысал. Нидерландыда мемлекеттік органдар үшін сертификат орнатудың соңы сәтсіз аяқталған. Ал халықаралық ІТ сарапшылар 4 жылдан бері оны орнату турасында дабыл қағып келеді. «Бұл қаупі бар үлкен тәуекел»,-дейді.
Арман Әбдірасылов, Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры:
Мемлекет заңы бар, конституция бар кепіл береді деп айтты. Бірақ мемлекет деген нақты адамның фамилиясы емес, аты-жөні емес. Нақты адамның аты керек, қызметі керек, жұмыс істейтін жері керек.
Қалай дегенмен елде сертификат орнату ісі басталып кетті. Әзірге тек Елорда да жүріп жатыр. Осының нәтижесі аталған қауіпсіздік жүйесінің өміршеңдігін көрсетеді. 
Нысаналы ЫҒЫЛ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы