LRT құрылысы келесі жылы аяқталады. Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек осылай деді. Ертең Нұр-Сұлтан қаласын дамыту бойынша мемлекеттік комиссияның отырысы өтіп, сонда ұзаққа созылып кеткен жеңіл рельсті көлік жолының құрылысын аяқтау мәселесі жан-жақты қаралмақ. Қазіргі уақытта тоқтап тұрған құрылысты аяқтау үшін «Астана банкіндегі» бүғатталған қаражат алынуы мүмкін. Қазір қала әкімдігі Ұлттық банкпен, Қаржы министрлігімен бірігіп, осы қаражатты өндіріп алу бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр. Банкрот болған банктегі бұғатталған қаржы көлемі 80 миллиард теңге. Сөйтіп Президент тапсырмасына сәйкес аталған нысан 2020 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ жоба құны қайта қаралады. Айта кетейік, бұған дейін LRT құрылысы 1 миллиард 887 миллион долларға бағаланған болатын.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Мамандардың айтуынша, мына жобаны бітіру керек. Құрылысты 1-2 жылдың ішінде бітіру керек деген пікірлер бар. Қазір әртүрлі нұсқаларды қарастырып отырмыз. Шешімге келгенде сіздерге ресми түрде ақпарат беретін боламыз.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ