Асқар Мамин: Президенттің Үкіметке деген сенімін толық ақтау керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Мамин: Президенттің Үкіметке деген сенімін толық ақтау керек

23.07.2019

Президенттің Үкіметке артқан сенімін толық ақтау керек. Осылай деген Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет мүшелеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 15 шілдеде жүктеген тапсырмаларын тыңғылықты орындауды қадап айтты. Себебі Үкіметтің басты міндеті – халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жаңа инвестициялар тарту. Бүгінгі отырыста бірқатар шенеунік өздері жетекшілік ететін бағыттар бойынша баяндама жасап, жұмыс жоспарларымен бөлісті.

 

Банктен енді кім-көрінген қарыз ала алмайды. Несие рәсімдеу үшін қарыз алушының төлем қабілеті қуатты, әлеуметтік жағдайы жақсы болуы керек. Себебі Ұлттық банк жыл соңына дейін тұтынушылық несие берудің талаптарын күшейтпек.

 

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Борыштық жүктеме коэффициентінің шекті мөлшерін есептеу кезінде отбасының кәмелеттік жасқа толмаған әрбір мүшесіне тиесілі ең төменгі күнкөріс мөлшері шегерілетін болады. Бұл шектен тыс несие беру саясатының алдын алуға бағытталған.

 

Бюджетке қатысты жауапкершілік те артады. Қазынадан қомақты қаржы бөлінбес бұрын, жобаның алдымен әлеуметтік-экономикалық пайдасы ескеріліп, шығыны есептеледі. Ал ақшаның қайда, қанша, кімге бөлініп жатқанын бүкіл ел бақылайды.    

 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі:

Бюджет процесінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік беретін, әрбір тұрғынға жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысуға мүмкіндік беру үшін 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа ауданының әкімдігі «қатысу бюджеті» пилоттық жобасын енгізді. Азаматтар сомасы 500 миллион теңгеге бюджетті бөледі. Бұл қағидатты Алматы қаласында да енгізу жоспарланып отыр.

 

Бұдан бөлек, Ұлттық экспорттық стратегия қайта қаралады. Меже - 2025 жылға қарай шикізаттық емес тауарлардың экспортын 2 есе арттыру. Ал ауыл шаруашылығы жерлерін сату және жалға беру мәселесі Ұлттық кеңесте таразыланбақ. Себебі Президент қара жердің шетелдіктерге сатылмайтынын айтқан-тын.

 

Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Ауыл шаруашылығы министрлігінің алаңында заң жобасының тұжырымдамасы таныстырылды. Сондай-ақ ауылдарға жер учаскелерін сату мен жалға беру мораторий мәселесі бойынша өңірлерге кесте бекітілді. 2019 жылдың соңына қарай, Президентінің жанынан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ұсынылады.

 

Әлеуметтің әлеуетін әлдендіру мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Еңбекақыны көтеру, жайлы жұмыс жағдайын жасау, жаңа жұмыс орындарын ашу бүгін де, ертең де Үкіметтің назарында болмақ. 

 

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Осы жылы 370 мыңнан кем емес жаңа жұмыс орнын құру міндеті тұр. Әкімдіктердің есебі бойынша 6 ай бойы 186 мыңнан астам орын құрылды. Мониторингпен қамтамасыз ету үшін жұмыс орындарын құру картасы ақпараттық жүйесі әзірленді.

 

Жұмыс орындарын құру үшін экономиканың басым секторларында өндірісті әртараптандыру, тың технологияларды енгізу, өндіріс пен экспортты кеңейту мәселелері жалғаспақ.

 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

Мемлекет басшысы атап өткендей, Үкіметтің қазіргі және алдағы міндеттері халықтың өмір-сүру сапасын және табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және жаңа инвестиция тарту. Барлық мемлекеттік органдар, әкімдіктер инвестиция тарту бойынша жұмыстарды белсенді жүргізу керек. Осы ретте мемлекет тарапынан қажет қолдау шаралары қабылданып, инвестициялық ахуалды жақсарту қажет. Осы жұмысты бақылау үшін әрбір меморганға өзекті тиімділік көрсеткіштер белгіленеді.  

 

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:

Жоспар бекітілді. Мақсат айқын, бағыт белгілі. Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттер сапалы орындалуы тиіс. Сөйтіп «Президенттің Үкіметке сенімін толық ақтауымыз керек»,-деді Премьер-Министр.

 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

 

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу