Кедендік одақ елдерінің вице-премьерлері Астанада қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімді жүзеге асыру туралы актілерді қабылдаудың жұмыс жоспарын бекітті.
Келелі кеңес Мәскеуде өтті. Онда еліміз үшін бірқатар маңызды мәселелер талқыға түсті. Мәселен, қазір отандық компаниялар халықаралық автокөлік тасымалы кезінде Ресей аумағынан өту үшін тек Воронеж бен Белгородтағы өткізу бекеттерін пайдаланады.
Бұл бағыт тиімсіз болғандықтан, қазақстандық кәсіпкерлер былтырдан бері 10 миллион еуро шығынға батқан.
Сондықтан, Қазақстан мен Ресейдің вице-премьерлері алдағы тамыз айында арнайы кездесіп, бізге қолайлы бекеттерді беру мәселесін пысықтайды.
Сонымен қатар, жиында тараптар үшінші елдерден импортталатын жеңіл өнеркәсіп тауарларын арнайы белгілеу жайын қарастырды.
Бұл қадам контрабандалық өнімдердің алдын алуға арналған. Вице-премьерлер қабылдаған тағы бір шешім - Астанада өтетін EXPO көрмесіне қатысты.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
EXPO-ға байланысты негізгі құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Осы құрылыс кезінде көптеген құрылыс, инновациялық материалдар әкелінетін болады. Инвестиция тарту және компанияларды келтіру мақсатында, егер EXPO төңірегінде жұмыс істейтін болса, онда соған қатысатын компаниялар өздерінің құрал-жабдықтарын және өзге де өнімдерін баж салығынсыз әкелуге рұқсат беруге қол жеткіздік.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ