Үкімет отырысында медициналық көмек көрсету мен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жайы талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отырысында медициналық көмек көрсету мен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жайы талқыланды

18.06.2019

Екі күннен соң елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Кешенді білім сынағының форматы өзгермегенімен, биыл талапкерлерге бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Бірнеше күн бұрын ғана Білім және ғылым министрі қызметіне тағайындалған Асхат Аймағамбетов бүгін Үкімет отырысында ҰБТ-ға әзірлік жұмыстарын баяндады. Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тегін медициналық көмек көрсетудің жаңа тәсілдерін ұсынды. Ол бойынша 2020 жылдан бастап халықтың 95 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылуы тиіс.

Бүгінгі Үкімет отырысы жаңа тағайындалған министрлердің ант беру рәсімімен басталды. Лауазым иелері оң қолын Конституцияға қойып, елі үшін аянбай еңбек ететіндеріне ант етті.

Осылай, министрлер кабинетінің құрамына енген Асхат Аймағамбетов, бас ұстаз ретінде алғашқы баяндамасын ҰБТ-ға арнады. Маусымның 20-сы мен 30-ы аралығында өтетін тест қиын болмайды. Керсінше, сын сағатқа түсетін түлектерге бірқатар жеңілдіктер жасалмақ.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Бірінші, биылдан бастап ақылы оқуға түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі. Бұл оқушыларға психологиялық қысымды төмендетуге және маусым айында өтетін ҰБТ-ға дайындалуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Екіншіден, колледж түлектеріне де жеңілдіктер жасалды. Олар бітірген мамандығы бойынша ЖОО ақылы негізде оқуға түсем десе, ҰБТ-дан босатылып, тек емтихан тапсырады.Үшіншіден, IELTS халықаралық сертификаттары бар түлек те  «Шет тілі» пәні бойынша тестілеуден босатылады. Оларға пән бойынша максималды балл автоматты түрде беріледі.

 Бұдан бөлек, әр бітірушіге ҰБТ сертификатымен бірге арнайы ақпараттық парақ беріледі. Осы арқылы мектеп түлектері өз мамандығы бойынша қанша грант барын, алған ұпайымен қайда бара алатынын біле алады. Биыл ҰБТ ел аумағы бойынша 169 пункте өтеді. Оған 117 мыңнан астам адам қатыспақ ниетте.

 Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық толығымен қамтамасыз етілу керек. Білім және ғылым министрлігінің міндеті тестілеу өткізетін барлық жерлердің жұмысын үйлестіру. Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірігіп Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдауы қажет.

Ал, еліміздің бас дәрігері Елжан Біртанов қарапайым халықтың тегін ем-дом алуының тың тетіктерін ұсынды. Мемлекет тегін медициналық көмектің көкжиегін кеңейтіп, қаржыландыруды еселейді. Яғни, көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін қызметтердің құнын өз мойынына алмақ.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Қымбат тұратын диагностикалық қызметтер, олар бойынша қаржыландыру 3 есе өседі, стоматологиялық қызметтер – оларды қаржыландыру 2,3 есе ұлғаяды. Осылайша, тегін медициналық көмектің жаңа моделі ҚР бүкіл халқы үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды көздейді.  

2020 жылдан бастап халықтың 95,4 пайызы тегін медициналық қызметтің шарапатын көрмек.  Ол үшін Қазақстанның әрбір азаматы қандай көмектің тегін көрсетілетініне қанық болуы тиіс. Осы ретте Асқар Мамин, құзыретті мекеме басшысына ел арасында ақпараттық-насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырды. 

 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу