Дипломы бар мамандардың 35%-ы жұмыс таппайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дипломы бар мамандардың 35%-ы жұмыс таппайды

14.06.2019

Жыл сайын еліміздің еңбек нарығы 300 мыңға жуық жас маманмен толығады. Бірақ, өкінішке қарай, диплом алып шыққан жас мамандардың 40 пайызы бірден жұмысқа тұрып кете алмайды. Ал, мамандығы бойынша екі қолға бір күрек таппайтындар 35 пайызы шамасында. Неге? Жас мамандарға жұмыс табу неліктен қиын? Жастардың таңдаған мамандықтары неге қоғамда керексіз болып қалады? Жалпы, қазіргі заман қандай кадрларды қажет етеді? Жас түлектердің қандай мамандықты таңдағаны жөн? Осы сияқты сан сауалға әріптесім Армангүл Тоқтамұрат жауап іздеп көрді.

 

Данараның білімі – жоғары. Мамандығы - қаржыгер. Дипломмен жұмыс таба алмаған соң, қызмет көрсету саласына кеткен. Пәтерді субарендаға береді. Клиент - көп, табыс - мол.

 

Данара Әленова, қала тұрғыны:

 

Тәжірбие керек дейді, таныс керек дейді мамандық бойынша істегенге. Өз-өзіме жұмыс істеймін. Ақшасы көбірек. 100 мыңнан асады қазіргі тапқан ақшам.

 

Данара сияқты елдегі 2 миллионға жуық жас маманның дипломы кәдеге жарамай, шаң басып қалған. Бұл ресми дерек. Оған бірден-бір себеп – тәжірибенің жоқтығы, жалақының мардымсыздығы.

 

Қаламқас Күлшиманова, Халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

 

Жаңа ғана оқу бітірген азаматтар олар диплом бойынша жұмыс істегісі келеді.  Бірақ, жұмыс берушілер жас маманға көп жалақы төлемейді. Сондықтан, олар ондай жұмыстан өздері бас тартады, басқа жұмыс іздеуге мәжбүр болады. Өйткені, жұмыс беруші тәжірибесіз азаматтарға көп төлеуге дайын емес.

 

Жыл басталғалы Елордадағы жұмыспен қамту орталығына 3 мыңдай жас екі қолға бір күрек сұрап келген. "Талаптары - биік, бірден майлы орынға қонжиып, бастық болуды көксейді",- дейді мұндағылар. Орталықтың 200 жұмыс берушімен тұрақты келісімі бар.

 

Бағила Орымбетова,  Халықты жұмыспен қамту орталығының маманы:

 

Тәрбиешілер, аспазшылар, түрлі жұмысшы мамандықтарға сұраныс өте жоғары. Бірақ, өкінішке орай, бізге келушілер заңгерлер, есеп және аудит, экономистер.

 

Ия, қазір не көп, экономист, адвокат, заңгер көп. Еңбек нарығы ЖОО-ның әлі де молынан даярлап жатқан гуманитарлық мамандықтарға зәру емес. Керісінше, заман талабына сай, техника мен технологияны меңгерген мамандар қат. 

 

Гүлнұр Жораханова, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамту департаментінің сарапшысы:  

 

Бірінші техникалық және ауыл шаруашылыққызмет көрсету салаларының мамандары болып отыр. Атап айтсақ, IT маманы, 3Д модельдеу, бағдарламалық қамсыздандыру, кросс-логистикалық операторлар, сәулетшілер және графикалық дизайнерлер болып табылады.  

 

Жастарда мамандық бар, жұмыс жоқ. Ал, жұмыс берушілерде бос орын бар, кадр жоқ. Себебі, сұраныс пен ұсыныс сәйкес келмейді.

 

Осы ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек нарығына қажет 100 мамандықтың тізімін жасады. Дені – сервистік және индустриялық бағытта.

 

Десе де, жас маман үшін қазір ЖОО дипломы аздық етеді. Ұдайы білімін жаңартып, заман талабына тез бейімделе білуі керек. Іскерлік қарым-қатынас орната алуы, бастысы өзіне не керек екенін бағамдай білуі тиіс.

 

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:

 

Сіз қай бағытта жұмыс істегіңіз келеді?

Жұмыс іздеген жастар қарапайым сұрақтарға жауап бермей тосылады. Сұрақтардың мән-мазмұнын түсінбейді. Тіпті, эстетиканы білмейді. Яғни, жұмыс берушімен әңгімелесуге келгенде осылай джинсы шалбар мен спорттық аяқ киім киіп келе салады. Ал, алғашқы әсер жұмыс беруші үшін өте маңызды болмақ.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу