Павлодарды «циклахена» деп алатын арамшөп басып барады. Ол дәнді дақылдарға зиянын тигізіп қана қоймай, тұрғындарды да әбден әбігерге салған. Жергілікті жұрттың біразында аллергия дерті қозған. Дерекке қарағанда, зиянкестің тұқымы аймаққа шетелден импортталған жемістермен келген екен. Ең қиыны, онымен күресудің нақты әдіс-амалы әзірге табылмай тұр.
«Циклахена» деп аталатын ойраншөп осы. Жасыл желекке оранған мұндай плантациялар ауыл ғана емес, қалада, далада, тіпті, Ертіс жиегінде де бар. Өңірде бұрын болмаған зиянкесті алдымен жергілікті экологтар көрген. Іле өсімдіктер әлемін қорғау жөніндегі аумақтық инспекцияға апарады.
Қайыргелді Шақарғалиев, зертхана басшысы:
Адамға зиянды. Былтыр күз айында әкелді. Сонда біз өзіміз зерттедік, қарадық. Сонымен тоқтадық.
Өкілетті органдардың жайбасарлылығы ойраншөптің ойда да, қырда да жайылуына әкеп соқтырды. Жазғы жаңбырдан соң қала ішіндегі ғимарат іргелерінде зиянкес жап-жасыл болып жайқылып шыға келді.
Татьяна Пономарева, биолог:
Жауын бір-екі бүркіп еді, тізеден келетін арамшөп үш метрге дейін қаулап кетті. Шілденің соңы мен тамыздың басында гүлдеп, тұқым шашады. Сол кезде ауаға тозаңы тарап, тұрғындарда аллергия басталады.
Ал, Павлодарда аллергия тудыратын қоздырғыштар онсыз да аз емес.
Болат Аманбаев, тілші:
Шілде мен тамыз айларында дәл осылай аузы-мұрнын тұмшалап алатын адамдар күрт көбейеді. Себебі, ол шіркей мен шыбын көбейетін кез. Терек ағашының аналығы мынандай мамық шашады. Аллергия тудыратын бұларға енді «циклахена» қосылды.
Соңғысы аймақ басшылығын аяғынан тік тұрғызды. Облыс әкімі дереу жұмыс тобын құрып, зиянкестермен күресудің жоспарын жасауға пәрмен берді. Себебі, «циклахена» өсімдікке қарағанда адамға қауіптірек.
Болат Бақауов, облыс әкімі:
Негізі 50 мың адамға бір аллерголог болуы тиіс. Ал, біздің облыс көлемінде бар-жоғы үш маман. Сондықтан біз екінші мәслені шешуіміз керек. Яғни, жұртшылықты аллерголог дәрігерлермен қамтамасыз етуіміз керек.
Зиянкестер әзірге шабылады, тамырымен жұлынады. Ал, түбегейлі құрту үшін ғылыми негіздеме керек. Себебі, «циклахенаның» отаны Солтүстік Америка. Сондықтан, отандық мамандар онымен күресудің әдіс- тәсілін әлі тапқан жоқ.
Болат АМАНБАЕВ