Елдегі митингтер кезінде полиция ешкімге күш көрсеткен жоқ
Елдегі митингтер кезінде полиция ешкімге күш көрсеткен жоқ. Бұл туралы Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов айтты.
Келтірілген мәліметке сәйкес, 9-10 маусым күндері еліміздің үш қаласында өткен заңсыз шерулерде полиция ұстамдылық танытып, арнайы құралдарды қолданбаған. Керісінше, шерушілердің кейбірі тәртіп сақшыларына шабуыл жасаған.
Мұны құзыретті мекеме өкілдері журналистерге әкелген арнайы бейнероликтен көрсетті. Оның үстіне, «тәртіп сақшылары күш көрсетті» деген мазмұнда бірде-бір арыз түспеген. Айта кетейік, заңсыз шерулерге қатысқан 957 адамды сот әкімшілікке жауапкершілікке тартқан. Оның 670-і қамауға алынса, жартысынан көбі бүгінде бостандыққа шығарылған.
Сапарбек Нұрпейісов, ҚР Бас прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы:
Арнайы қабылдау орындарында қамауда 180 адам қалды. Оның 80-і Нұр-Сұлтанда, 100-і Алматы қаласында. Өздеріңіз бейнероликте көріп отырғандарыңыздай, полиция қызметкерлеріне шабуыл жасап, өтіп бара жатқан адамдардың, әйелдер мен балалардың өмірі мен денсаулықтарына қауіп төндірді. Нәтижесінде 3 полиция қызметкері дене жарақатын алды.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
